Таразда алғаш рет тағам фестивалі өтті

Шараны қала әкімдігі мен «Облыстық іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Оған мемлекеттен кәсіп бастауға грант жеңіп алған қыз-келіншектер қатысты. Тың идея жаңадан іс бастаған кәсіпкерлерге бағыт-бағдар көрсетіп, қолдауға бағытталған.

«ФудФестТараз» фестиваліне үй жағдайында бизнес ашқан, кәсіби емес аспазшылар қатысты. 24 қатысушы түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық тағамдарын әзірлеп өзара сайысқа түсті. Олардың дені бала күтімімен үйде отырған көп балалы аналар. Шараның басты мақсаты осы отбасыларды өзін өзі жұмыспен қамтып, кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік беруді көздейді. Дәмді ас дайындаған үздік қатысушыларды әділ қазылар анықтап, бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Жанар Белгібай, кәсіпкер:

- Қасымыздағы 5 келіншектен де тәжірибесін алдым. Қалай істелу керек. Олардың да тәжірибесін көрдім. Бір жағынан қуаныштымын. Бірінші орын алғаныма. Әлбетте өзіміздің кәсібімізді әрі қарай дамытамыз.

Фестиваль кезінде қазақ, түрік, дүнген, өзбектің ұлттық тағамдарынан көрме қойылып, жиналған жұрт астан ауыз тиді. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қатысып, көп балалы аналармен кездесті. Олардың жұмысына оң баға беріп, ұдайы қолдау көрсетілетінін айтты.

Эльмира Мырзағали, облыстық іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары:

- Бірінші күннің өзінде үлкен резонанс туғызып жатыр. Жан-жақтан, кең байтақ Отанымыздың түкпір-түкпірінен бізге хабарласып сіздердің осы идеяларыңызбен бізде өз қаламызда өткізейік деген ұсыныстар түсіп жатыр. Бұл фестиваль келешекте Тараз қаласына туристерді тарту үшін де үлкен мүмкіндік болады.

«ФудФестТараз» шарасын жылда дәстүрлі түрде өткізу жоспарда. Ұйымдастырушылар осы арқылы сұранысқа ие аспаздық өнерді насихаттап, мамандыққа деген қызығушылықты арттырмақ.

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев