Елордалық көрермен отыз тонналық «Аиданы» тамашалайды

Дж.Вердидің ғаламат «Аида» операсы «Астана Операның» сегінші театр маусымын тәмамдайды.

Италиялық суретші, продюсер, режиссер, сценарист Франко Дзеффиреллидің қойылымындағы спектакль 11-12 шілде өтеді. Радаместің партиясын шақырылған әнші Саян Исин орындайды, ал Амонасро рөлінде Моңғолиядан келген баритон Бадрал Чулуунбаатар өнер көрсетеді. Дирижерлік тұғырда – маэстро Абзал Мұхитдин.

Қойылымға опера солистері, ерлер мен әйелдер хоры, балет, оркестр, миманс әртістері мен балаларды қоса екі жүз адам қатысады. Жұмыс ауқымын елестету үшін сахна сыртындағы қызмет көрсетуші персоналдың саны әртістердің санына пара-пар екенін атап өткен жөн. Тағы бір таңғалдыратын цифра: қойылымда 500 костюм пайдаланылады, декорациялар сияқты олар да – сценография жауһарлары. Көпқабатты, көлемді, көпқатпарлы, салмағы 30 тонна болатын олар – перғауындар әмірлік еткен замандағы Мысырдың сән-салтанатын сипаттайтын сахнаның керемет безендірілуі.

Басты партияны қазақстандық опера сахнасының жұлдызы Жұпар Ғабдуллина орындайды. Рамфис – Шыңғыс Расылхан, Болат Есімханов, Амнерис – Гүлжанат Сапакова,екінші күні осы партияда Салтанат Мұратбекова дебют жасайды. Патша – Бауыржан Әндержанов, Шыңғыс Расылхан, Амонасро Бадрал Чулуунбаатар және Талғат Мұсабаев.

- Радаместің партиясы даусыңды меңгеруді паш ететін вокалдық тұрғыдан ғана күрделі емес, сондай-ақ актерлік шеберлік, сахнадағы ойын жағынан да аса маңызды. Ұлы италиялық режиссер Франко Дзеффиреллидің қойылымы өзінің ауқымымен таңғалдырады, спектакль күрделі әрі қызықты. Менің кейіпкерім – жеңімпаз қолбасшы Радамес.Оның жүрегі Аидаға тиесілі, алайда жігіттің махаббаты үшін перғауын қызы Амнерис күресуде – осылайша ол классикалық махаббат үштігіне тап болады. Орын алған өмірлік жағдайларға байланысты Радамес не істерін білмейді, оған оның болашағының жарқын әрі ұлы боларын болжайды, дегенмен ол Аидаға деген махаббатын таңдайды, - деді Саян Исин.

- Мен үшін Амонасро партиясы – Италиядағы, Еуропадағы негізгі жұмыстарымның бірі. Бұл менің 2019 жылғы қаңтар айында атақты «Ла Скала» театрында маэстро В.Гергиевтің жетекшілігімен Модест Мусоргскийдің «Хованщина» операсындағы боярин Шакловитыйдың партиясындағы дебютімнен кейінгі екінші рөлім. Кейін 2019 жылы мен әйгілі Арена ди Верона сахнасындағы жазғы фестивальге қатысып, Амонасро партиясын 8 рет орындадым. Аталмыш рөлге ұзақ дайындалдым, 2 жылға жуық Италияда вокал техникасы бойынша тамаша ұстаздардан тәлім алдым. Бұл маған Веронадағы фестивальде үш ай бойы осы рөлді өз деңгейінде сомдап шығуға мүмкіндік берді. Ал енді Қазақстан сахнасында аталған операға қатысу мен үшін зор құрмет, керемет сәйкестік орын алды – мен 11 шілде, ұлттық моңғол мерекесі – Халық революциясы күнінің 100 жылдық мерейтойында ән саламын. Осы операға қатысып жатқан барлық әріптестеріме, сонымен бірге баршақазақстандықтарға мол табыс, денсаулық тілеймін, классикалық музыкаға деген махаббаты мен қолдаулары үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне мың тағзым, - деп пікірімен бөлісті Бадрал Чулуунбаатар.

Естеріңізге сала кетсек, «Астана Опера» көрермендерінің Франко Дзеффиреллидің көрнекті туындысы – «Ла Скаланың» театр маусымын ашып, Еуропаның мәдени өмірінде айтулы оқиғаға айналған «Аида» операсын тамашалау мүмкіндігі бар. «Астана Операдағы» премьерасы 2014 жылғы 19 қарашада өткен. Аталмыш спектакль сегізінші театр маусымының есте қаларлық жарқын аяқталуы болмақ.

Спектакльдердің басталуы: 11 шілде сағат 18:00-де, 12 шілде сағат 19:00-де.