424,60 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ертең Ұлттық музейде домбыралар көрмесі өтеді

  • 137
  • UPD: 16:26, 29.06.2021
Ертең Ұлттық музейде домбыралар көрмесі өтеді

30 маусым күні сағат 11:00-де ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ғасыр саңлағы, күйші Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы және Ұлттық домбыра күні аясында «Пернесінде сөйлейді Ұлы дала» атты Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің қорындағы домбыралар коллекциясынан ҚР Ұлттық музейімен бірлескен көрменің ашылу салтанаты өтеді.

Мақсаты – Ұлттық домбыра күні аясында Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің қорында жинақталған домбыралар коллекциясы мен өнер иелерінің жеке тұтынған бұйымдары және өлкенің мәдени жетістіктерін дәлелдейтін ғасырлар бойы әр қазақтың төрінен орын алған қастерлі қара домбыраның мәртебесін жаңғырту, домбыра иелері, өнер өкілдерінің өмір жолдары мен сыршыл пернелерге тіл бітірген қолөнер шеберлерінің домбыраларын насихаттау.

Экспозициялық зал күйшілік мектебі мықты дамыған қазақ жерінің батыс аймағында дүниеге келген ұлт мақтаныштары ғасыр саңлағы, күйші Дина Нұрпейісованың, Қазақстанның халық жазушысы Х.Ерғалиевтың, Қазақстанның халық әртістері Р.Ғабдиевтің және Қ.Ахмедияровтың биылғы мерейтойларымен ұштастырылып отыр.

Көрме аясында «Құрманғазы» поэмасын алғаш толғаған Х.Ерғалиевтың ерекше домбырасының көшірмесі ҚР Ұлттық музейіне сыйға тартылмақ.

Сонымен қатар күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының, Қазақ КСР-ның халық әртісі Дина Нұрпейісованың мүсіні және домбырасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Тыныбай Лекеровтың сүйектелген домбырасы, дауылпаз ақын М.Өтемісұлы, ұлы ақын А.Құнанбайұлы, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев, дирижерлер Р.Ғабдиев, Н.Тілендиев, С.Құсайынов, Б.Рзаханов, Н.Сауғабаев, домбырашылар Ә.Есқалиев, Қ.Ахмедияров, Ш.Әбілтаев, А.Үлкенбаева, С.Жалмышев, әншілер Ж.Елебеков, М.Төрешов, И.Жақанов, Б.Тілеуханов, А.Әлтаев, жазушылар Х.Ерғалиев, С.Ғаббасов, Б.Аманшин, А.Сейдімбеков, М.Неталиев, мемлекет және қоғам қайраткерлері К.Мақайұлы, Ә.Ізмұхамбетова, С.Мұқашев, Н.Үлкенбайұлы, Ғ.Ибішев, сондай-ақ қолөнер шеберлері Б.Мырзағалиев, І.Бекмағамбетов, Н.Қалиев, Н.Мұсаев және Ә.Иманғалиеваның құжаттары, тұтынған бұйымдары, барлығы 200-ден астам жәдігер халық назарына ұсынылады.

Айта кетейік, ҚР Ұлттық музейінде ашылғалы жатқан экспозициялық залда Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің қорындағы республиканың әр өңірінен жинақталған күй мұхитының жүрдек кемесі атанған домбыралар коллекциясының тамаша үлгілері мен қазақтың біртуар ұлдарының қолданған домбыраларының насихатталуы кейінгі жас ұрпаққа тағылымы зор шара болмақ.

Іс-шараға мәдениет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ белгілі зиялы қауым өкілдері қатысады.

Хабар 24 телеарнасы