424,15 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақ биі әлемдік сахна шыңын бағындырды

  • 153
  • UPD: 17:38, 30.06.2021
Қазақ биі әлемдік сахна шыңын бағындырды

Қазақ ұлттық биі ерте заманнан бері өзіндік ерекшелігімен, ерекше пластикасымен, мәнерлілігімен, нәзік әсемдігімен және сонымен қатар мықты мінезімен ерекшеленіп келген. Ондаған жыл бұрын да, қазіргі уақытта да оған деген қызығушылық арта түскен.

Қазақ биі сахнада еліміздегі театр өнерінің қалыптасу кезеңінде пайда болды. Кәсіби қазақ биінің пайда болуы мен дамуы Шара Жиенқұлова, Дәурен Әбіров, Әубәкір Ысмаилов, Нұрсұлу Тапалова және тағы басқа отандық өнер майталмандарынан бастау алған.

Қазіргі таңда қазақ биі тарихы бай, терең мағыналы, ең әсем және қайталанбас би бағыттарының бірі ретінде әлемдік хореографиялық аренада сенімді түрде өз орнын иеленді. Бүгінде ол отандық қана емес, сондай-ақ халықаралық сахнада кеңінен танылып келеді.

Оған әртүрлі елдердің хореографтары мен бишілері белсенді қызығушылық танытып, оның ерекше энергетикасы мен өткір сипатын атап өтті.
Қазақ биінің шет елдерде кеңінен таралуына және сұранысқа ие болуының дәлелі – осы биді орындаушылардың түрлі халықаралық байқауларда, конкурстар мен фестивальдерде жеңіске жетіп, марапаттарға ие болуы.

Қазылар алқасының құрамына кіретін атақты хореографтар, қоюшылар, балетмейстерлер қазақ биінің керемет көрінісі, мәнерлігі, қызықты сюжеттік желілері, нәзік әрі әсем қимылдары, сондай-ақ әрбір хореографиялық композицияның негізі болып табылатын өзіндік тарихы үшін ұлттық би орындаушыларына бірауыздан жоғары баға береді.

Жоғарыда айтылғандарға дәлел ретінде Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері мен оқушыларының жеңістерінің тізімін атап өтуге болады, олар түрлі конкурстарда қазақ биін билеп өнер көрсетуде әрдайым құрмет марапаттарға ие болды.

Академия студенті «Астана Балет» театрының әртісі Аққанат Смағұлова 2021 жылы халықаралық байқауларда 9 марапатқа ие болды.

«Тұмарым» және «Аққу» нөмірлерін орындаған Аққанат мамыр айында Мәскеуде өткен «Би ырғағында 2021» халықаралық хореографиялық өнер байқауында, сондай-ақ Даугавпилсте өткен «Silver Palm Baltiya» халықаралық байқауында «Халық биі» номинациясы бойынша бас жүлде мен бірінші сыйлыққа ие болды.

Елордалық хореография академиясының тәрбиеленушісі «Роза Востока» жастар шығармашылығының фестиваль-конкурсы (Өзбекстан), «Созвездие Святогорья ASIA 2021» (Әзірбайжан, Украина), «Три звезды» (Латвия), «Перо Жар-птицы» (Ресей), «Торонто-2021» (Канада), «LE CIEL DE CANNES» халықаралық музыкалық-көркем шығармашылық конкурсы (Франция), қашықтықтан өткен «World Art Games» конкурсы (Испания) «American edition» (АҚШ) және тағы басқа сол сияқты халықаралық байқаулардың бас жүлделері мен бірінші сыйлықтарын жеңіп алды.

Осындай жоғары нәтижелерге қол жеткізуде әртістің асқан шеберлігімен қатар оның педагог-оқытушылары Қазақ ұлттық хореография академиясының оқытушылары Анвара Садықова мен Алмат Шәмшиевтің үлкен еңбегі бар екені сөзсіз. Олар тәжірибесі мен білімі мол, ұлттық би мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосып жүрген қазақ биінің танымал шеберлері. Қойылым жұмысымен қатар, олар ғылыми қызметпен айналысады. Ғылыми қызметтерінің нәтижелері болашақ балет әртістері мен би ансамблінің әртістерін академиялық оқыту негізіне енгізілген.

Олардың хореографиялық қаламынан шыққан қазақ биінің нөмірлері Академияның баға жетпес репертуарына енген.

Анвара Садықова мен Алмат Шәмшиевтің қосқан үлесі аса зор, өйткені олардың жаңа ізденістері мәдениеттің өзіндік ерекшелігімен үйлесіп, этникалық нақыштармен музыкада үйлесім табады және көрермендердің ықыласына ие.

Академия оқушыларына сахналық және педагогикалық тәжірибесі мол профессор-оқытушылар құрамынан білім алып, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берілген. Оқу орнында еңбек ететін Қазақстанның хореография өнерінің шеберлері болашақ орындаушыларды, педагогтарды, қоюшыларды тәрбиелеуге ғана емес, сонымен қатар ұрпақтар сабақтастығы арқылы қазақ ұлттық би мәдениетін дамытуға талпынады. Қазіргі уақытта Қазақ ұлттық хореография академиясы ұлттық биді қайта жандандыру мен танымал ету ісінде алдыңғы қатардағы білім ордасы және ұлттық бидің мәртебесін нығайтып, қазақ биінің сұлулығын бүкіл әлем көрермендеріне таныту үшін көп күш қосатынын атап өткен жөн.

Хабар 24 телеарнасы