Көкшетауда «Ұлы дала тарихына тағзым» атты халықаралық конференция өтті

Елде 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар.

«Әлі де жан-жақты зерттеп, төл тарихымызды түгендесек, құнды жәдігердің бұдан да көп екеніне көз жеткіземіз», - дейді, археологтар. Бұл туралы Көкшетауда өткен «Ұлы дала тарихына тағзым» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда айтылды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған жиынға Әзербайжаннан келген саясаттанушы Тофик Аббасов, ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы және танымал тарихшылар, антропологтар мен археологтар қатысты. Жиынның мақсаты – қазақ елінің бай тарихы мен мәдениетін жастардың санасына сіңіру және археологиялық жұмыстарды насихаттау. Әрі алдағы уақытта қай бағытта еңбек ету қажетті пысықталды.

Айбар Қасенәлі, археолог:

- Археологиялық тұрғыдан айтатын болсақ, мысалы, Берелдегі ескерткіштер, одан кейін Биғазы Дәндібай мәдениетінің ескерткіштері, одан Сақ дәуірінің ескерткіштерінің барлығы осындай біздің терең тарихымыздың бар екенін және ол тарихтың өте бай екенін көрсетіп отыр. Тас дәуірінен бастап мына қазақ халқының тарихына дейінгі аралықтағы ескерткіштердің барлығын зерттеуіміз керек.