Қазақстандағы шығармашылық одақтар пұшайман күй кешіп келеді

Қазақстанда айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің, суретші, жазушы, күйшілердің одағы бар. Сол одақтардың мәртебесі ит асырап, итке қамқор болатындардың қоғамдық бірлестігімен тең дәрежеде. Ұлттық құндылықтарымыздың ордасы одақтарға көңіл бөліне ме?

Елде айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің, жазушы, күйші, суретшілердің, театр қайраткерлерінің одағы бар. Мұндай бірлестіктердің жалпы саны 17. Үкіметтік емес ұйым деп саналады. Алайда құндылықтарымыздың сандығындай болған қара шаңырақтардың заңды дәрежесі ит асырайтын ұйымдардан аса алмай тұр.  

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазір бізде 22 мың ұйым бар. Үкіметтік емес ұйымдар дейді. Соның ішіне біздің жаңағы Жазушылар одағы, Композиторлар одағы, суретшілер, театр, кино одақтары секілді мынау ұлттық рух беретін күйшілер одағы, басқа көптеген ұлттық тәрбие беретін, ұлттық тәрбиеге үйрететін одақтармен ит үйрететін одақтардың құқығы бірдей. Бірдей түседі. Сондықтан 22 мыңның ішінде қалай ол қолы жетеді?

Қайда қолы жетпейді? Қаражатқа. Бюджеттен біз атаған одақтар бір тиын да алмайды. Өзегі талса да әйтеуір өшпей жасап келеді. Күйшілердің де жағдайы жақсы емес. Күйдің ордасы саналатын Оралда республикалық одақтың жеке ғимараты да жоқ. 

Асқар Кенжеғалиев, «Күйшілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Одақтар тек бір жағдайда бюджеттен қаражат ала алады. Байқау кезінде мемлекеттік сатып алуға қатысуы тиіс. Сол кезде бұйырса бұйырды. Әйтпесе ол да жоқ. Мәселен, былтыр бірлестіктерге байқау арқылы 257 миллион теңге бөлінген. Алайда құжаттарды талапқа сай тапсырмады деген себеппен одақтар әлгі қаржыдан да қағылды. Ақыры 257 миллион теңге бюджетке кері қайтарылды. 

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біздің мәдениетіміз сақталмаса, тіліміз сақталмаса, онда біз мына жерде неге отырмыз? Заңға өзгеріс енгізейік егер мұны Үкімет сүйретіп жүре беретін болса. Екінші дүниежүзілік соғыста Черчилльге қаржы министрі келіп, елдің бюджетін көрсетеді. Сонда Черчилль айтады мәдениеттің шығындары қайда дейді. Қайдағы мәдениет соғыс кезі дейді министр. Ал онда біз не үшін соғысып жатырмыз мәдениетімізді сақтап қала алмасақ дейді.

«Елдің басты қорғаны мәдениеті мен тілі» деген түсінік бар. Рас қой. Мәдениеттің, ұлттық құндылықтарымыздың ордасы болған одақтарды пұшайман күйге түсірмес үшін не істемек керек? Депутат Қазыбек Иса мұндай бірлестіктерге «мемлекеттің сенімді стратегиялық серіктесі» деген мәртебе беру керек дейді. Үкіметтік емес ұйым деп қарамай. Сол кезде ғана одақтар оңалады. Оңалтуды Мәдениет және спорт министрлігі одақтарға деген көзқарасты өзгертуден бастамақ.   

Күміс Сейітова, ҚР МСМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары:

- Мәдениет министрлігі тек ғана одақтармен, осы шығармашылықпен айналысатын одақтармен жұмыс жасайтын болады. Ол конкурста соларға ғана жариялайтын болады және грант мәселесі де шешіліп жатыр. Егер бұл қолдау тауып, қолданыстағы заңнамаға өзгеріс еніп жатса онда осындай жоспарлар бар. 

Ал енді заң қашан қабылданады? Комитет төрағасының орынбасары құжат биыл қаралады, сөйтіп, келесі жылы қабылдануы мүмкін деді. Осы «мүмкін» деген сөздің өзіне одақтағылар зәру еді. Отыз жыл бойы тасада қалып келген олар үшін бір жыл шыдау не тәйірі?!

Қорған Қонысбайұлы, Марат Диқанбаев