«Алтыбақан» бағдарламасының кезекті саны Домбыра күніне арналады

«Хабар» арнасында шығатын «Алтыбақан» мәдени-танымдық бағдарламасының кезекті саны домбыра күніне арналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін кешке көрсетілетін бағдарламада қазақтың бағзыдан келе жатқан қасиетті аспабы жайлі әртүрлі әсерлі әңгімелер айтылса, дәстүрлі өнеріміздің дүлдүлдері жырдан шашу шашады.

«Алтыбақан» бағдарламасының мақсаты – қазақтың көнеден келе жатқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, ұлттық аспаптары мен төл өнеріміздің майталмандарын дәріптеу. Бұл жолғы шығарылым Домбыра күніне арналып отыр. Бағдарламаға белгілі жыршы-термешілер, күйшілер мен дәстүрлі әншілер қатысып, қоңыр домбыраның күмбірлеген үнімен көрермендердің көңіл-күйін бір серпілтіп тастады.

Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі:

Қай жерге барсақ та, біз домбырамызды тастамаймыз. Домбырамен шыққан кезде ерекше бір қабылдау, ерекше таңданыс болады. Қай жақтан келгенімізді сұрайды. Содан танысатынбыз бәріміз. Енді қазір Димаш та әлемдік деңгейде біздің домбырамызды насихаттап, бүкіл әлемге көрсетіп жүр. Қазақ ұлтының қасиетті аспабын дәріптеп жатқанына қуанамыз.

«Алтыбақан» алаңында қазақтың қара домбырасы жайлы қызықты естеліктер айтылды. Ұлтымызда бұл музыкалық аспаптың түрлері көп. Соның бірі қазіргі уақытта сирек қолданылатын үш ішекті домбыра.

Гүлмира Сарина, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

– Қолымдағы үш ішекті домбыра. Былтыр Абай атаның 175 жылдық мерейтойына арнайы өзім жасаттым. Білесіздер, Абай атамыз үш ішекті домбырамен ән шығарға. Қарап тұрсам, Абай атаның біраз әндері келеді екен. Осы үш ішекті домбыраны арнайы алып келіп, бүгін алғаш рет сахнада сөйлетейін деп отырмын.

Әр қазақтың ет жүрегін елжіретіп, жанын жадырататын домбырасы жәйлі тереңірек білгіңіз келсе бүгін кешкі алтыда Хабар арнасында болатын «Алтыбақан» бағдарламасын көріңіз.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Кенже Амраев.