Күйші Динаның 160 жылдығына орай Атырау облысының музейі елордаға домбыра көрмесін әкелді

Күй атасы Құрманғазы шәкірті Динаның, дауылпаз ақын Махамбет пен ғұлама Абайдың домбыралары қандай болғанын көргіңіз келе ме?

Ендеше Ұлттық музейге келіңіз. Күйші Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына орай Атырау облысының тарихи-өлкетану музейі елордаға домбыралар көрмесін әкелді. Экспозицияға Мәдениет және спорт министрлігі ұйытқы болған. 

«Пернесінде сөйлейді ұлы дала» экспозициясына шамамен 250 жәдігер қойылды. Оның 90-нан астамы домбыра. Ішінде күйші Динаның қолынан түспеген музыкалық аспаптың түпнұсқасы бар. Махамбет Өтемісұлы мен Абай Құнанбайұлы қолданған домбыралардың көшірмесін көруге болады. 

Рашида Харипова, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

- Менің қолымдағы ерекше домбыра. Бұл Әсима Ізмұхамбетова анамыздың домбырасы. Әсима анамыз республика бойынша өткізілген Алматы қаласындағы сайыста 50-ден астам нотаға түспеген күйлерді жеткізу арқылы сол сайыстың рекордын жаңартты. Және анамыз Құрманғазының «Қарт жігер», Мақаштың басқа да күйлерін халыққа жеткізуші. 

Ән абызы Ғарифолла Құрманғалиевтің күйтабаққа жазылған музыкасын тыңдап құлақ құрышын қандырсаңыз да марқабат. Көрмеде сондай-ақ Нұрғиса Тілендиевтің, Рыспай Ғабдиев пен Әзидолла Есқалиевтің, Мекес Төрешовтың, Айгүл Үлкенбаева мен Аманжол Әлтаевтың домбыралары көрермен назарына ұсынылған. Құрметті меймандар қатарында болған айтыскер ақын бірнеше жыл бұрын Атырау музейіне тапсырған домбырасын көріп, мауқын бір басып алды.

- Қазақтың өр болмысын танып білу домбыраны танудан басталады.

Жалпы елде домбыра күнін атау идеясын алғаш ұсынғандардың бірі Аманжол Әлтаев екенін айта кету керек.

 Аманжол Әлтаев, айтыскер ақын:

- Атыраудан жеткен 100 домбыраның ішінде менің өзімнің талай жыл бойы қолыма ұстап, күмбірлетіп тартып, талай аламан айтыста бәйге алған мына күрең домбыраның бірге келгеніне ерекше қуанып тұрмын. Қазақта сөз бар. Батысқа барып күйшімін деме, Арқаға барып әншімін деме дейді. Қазақстанның 4 құбыласына қарасаңыз да домбыраның қадір-қасиеті ерекше.

Оюлары сүйекпен өрнектелген мына бір аспапқа тоқталсақ. Бұл раритет Қазақстанның халық әртісі Қаршыға Ахмедьяровтікі.

Айдана Мұрсәлімова, Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жетекшісі:

- Осы домбырамен 54 күй жаздыртады. Аталған домбырамен қазіргі таңда 54 күй де қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. Бұл домбыраны өмірінің соңғы жылдары Қаршыға Ахмедьяров Иманғали Нұрғалиұлына табыс етіп жатып, «менің өнер көгіне көтерген домбырамды тек саған аманаттаймын, құлыным» деп тапсырып кеткен екен.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Қазақтың қара домбырасы пішіні мен материалына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Қазір менің алдымда белгілі қолөнер шебері Ізім Бекмағамбетовтің ағаш пен сүйектен жасалған домбырасы. Және де Бисенғали Мырзағалиевтің толық коллекциясы ұсынылған. Прима, тенор, альт және бас домбыра.

Екі ғасыр бойы сақталған күміс қосындысы бар домбыра да осында. Еске салайық, көрменің ашылу салтанатында еліміздің мәдениет қайраткері Орақ Жауыров 50 жыл бойы қолынан тастамай келген қара домбырасын атыраулық музейге табыстады. Халық жазушысы Хамит Ерғалиевтің 105 жылдығына орай Атырау облысы әкімінің орынбасары Нариман Таушов Құрманғазы поэмасын алғаш толғаған ақынның көшірме домбырасын да мұражай қорына тапсырды. Жалпы Ұлттық музей қабырғасында өтіп жатқан домбыра керуені 30 шілдеге дейін жалғасады. 

Мирлан Алтынбек, Наурызбай Құрманғазы