Оң қолы шынтағынан кесілген азамат домбыраны өмірлік серік еткен

Қостанай облысы Қарасу ауылында саусақ орнына сым байлап, қос ішекке тіл бітірген күйші тұрады. Айтбай Мұздаханов оң қолы шынтағынан кесілсе де домбырасын тастамады. Жүрек үнін киелі аспаппен жеткізіп, халыққа жүздеген туындысын тарту етті. Ата жолын бүгінде ұрпағы жалғап келеді.

Тағдыр Айтбай Мұздахановтың қолын кескенімен өнердегі жолын кесе алмады. 1977 жылы 36 жасында өндірістік жарақат алған ол, басқа түскен тауқыметке мойымады. Екі қолда үш саусағы ғана қалған өнерпаз домбырамен қайта достасты. Күңіренген жүрек үні қос ішектен күй болып төгілді.

Айтбай Мұздаханов, күйші:

- Күй шығарғанда бір тақырып аламын, кішкентай ғана бір. Сөзді алып, соның желісімен кетемін. Негізі домбыра сөйлеуі керек. Құр тарсылдатып ұра берген болмайды. Мысалы, менің «32 жыл» деген күйім бар, ол «апа, апа, нан берші» деп сөйлеп тұрады.

Бүгінде өнерпаздың жетпіске тарта күйі, қырықтан астам әні бар. «Бабалар үні» жинағының авторы. «Маған күйшілік өнер атам Молдаштан дарыған» дейді ол. Әке жолын жалғаған қызы Анар Мұздаханова дәулескер домбырашы. Немерелері де өнерге әуес.

Рысты Мұздаханова, немересі:

- Анар тәтем бар ғой, сол кісіге қарап, сол кісіні үлгі тұтып, сол кісі сияқты болсам деген бала күнімде арманым болған. Әрбір қазақ домбыра тарта білу керек деп білемін өзім. Ешқандай артықшылығы жоқ, қазіргі балалар хобби ретінде тартса да. 

Айтбай Мұздахановты жерлестері кездесулерге жиі шақырады. Ол жас буынмен кездесіп, ұлттық өнер жайлы әңгімелеуден жалыққан емес.

Айтбай Мұздаханов, күйші:

- Домбыра қазақта қастерлі болып есептеледі. Әрбір үйдің төрінде тұруы керек. Қадыр Мырзалиев деген аталарыңның сөзі бар: «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген, себебі домбыра деген барлығын айтады. 

Айтбай Мұздахановтың арнайы музыкалық білімі жоқ. Негізгі мамандығы электр-механик. Қария биыл сексеннің сеңгіріне шығады. 

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Сондай-ақ...