Атырауда Ұлттық домбыра күні кеңінен атап өтілді

Ұлттық домбыра күнін атыраулықтар кеңінен атап өтті. Күй атасы Құрманғазы, дүлдүл домбырашы Дина мен Қазақстанның халық артисі Қаршыға Ахмедьяров өмірге келген өлкеде салтанатты жиын өтті.

Мерекелік шараға жиналғандар ұлы күйшілердің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, «Мұрагер» этнографиялық оркестрі олардың шығармаларын орындады. Ұлы дала дауылпаздарына арналған мәдени шаралар жыл бойы жалғасады. Оның бастысы 2000 адамдық әуесқой домбырашылардың халықаралық фестивалі болмақ.

Ақылбек Рысқалиев, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттар басқармасының басшысы:

- Қыркүйек айында Қазақстанның халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қаршыға Ахмедьяровтың 75 жылдығына орай «күй Қаршығасы» атты республикалық жеке домбырашылардың конкурсын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар күй анасы атанған, осынау ғасыр адамы – Дина анамыздың 160 жылдық мерейлі мерекесіне орай «Бұлбұл домбыра» атты домбырашы қыз-келіншектердің республикалық конкурсы да қыркүйек айына ауыстырылып отыр.