Әнші-композитор Тұрсынғазы Рахимов атындағы республикалық фестиваль өтті

Ұлттық домбыра күні Өскеменде әнші-композитор Тұрсынғазы Рахимов атындағы республикалық фестиваль өтті.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған ән мен жыр, күй кешіне Секен Тұрысбеков сынды өнер майталмандары қатысты. Өнерпаздар ұстазы Тұрсынғазы Рахимов әндерін шырқады. Еліміздің әр өңірінен жиналған домбыра жасаушы шеберлер ұлттық аспапты ұлықтап, арнайы шеберлік сағатын өткізді.

Қалқаман Сарин, қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

– Елге танымал әншілер елорда мен Алматының бағына бұйырып қалады да мереке күндері. Сол үшін бұл кісілерді жүздестіріп, пікір-тәжірибе алмассын деп ертерек жинадық.

Мәдени шарада жезтаңдай әнші Гүлмира Сарина ұстазына арналған әннің тұсауын кесті. Үлкен сахнада алғаш орындалған туындының сөзін Тыныштықбек Әдікәкімұлы жазған.

Ұстаз әрі әнші Тұрсынғазы Рахимов Мұқағали поэзиясын жатқа оқитын. Өлеңдерінің көбіне ән жазды. Фестивалде шәкірттер қос алыптың шығарамасын бірінен соң бірі әуелетті.

Өз әнін орандаудың шыңына жеткен компазиторлар санаулы. Ал Тұрсынғазы Рахимов солардың бірегейі.

Ерлан Рысқали, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

– Осы кісінің орындаушылық мәнерін бүгінгі әншілер алса, керемет мектеп қалыптасар еді. Ол үшін біз саз колледждерінде класс ашып, көңіл бөлуіміз керек. Әрі дәл бүгінгі фестиваль сияқты дүниелерді жыл сайын атқарып отыруымыз керек.

Адай Азаматов, ҚР Мәдениет қайраткері:

– Биылғы жылы Мұқағали Мақатаевқа 90 жыл болса, Тұрсынғазыға 70 жыл. Мына фестиваль бір жылмен тоқтап қалмау керек. Әр қала, әр ауданда бұл меркелер өтіп тұру керек. Сонда ғана ұмытылмайды.

Фестиваль аясында Жолаушы Тұрдығұлов сынды домбырашы шеберлер көрме мен кездесу өткізді. Ұлттық аспапты жасау, оны насихаттау және шәкірт тәрбиелеу мәселесіне де тоқталды.

Жолаушы Тұрдығұлов, домбырашы, шебер:

– Менің тек шеберлік жолда жүргенде дайындаған шәкірттерімнің, мықты дегенің өзінде, ел аузына іліне бастағаны 20-дан астам. Атадан балаға деген ұғым бар ғой. Шеберлердің өздері баласын, немересін тәрбиелейді.

Домбыраға арналған шаралар тек фестивалмен шектелмейді. Қалада ұлттық аспапты ұлықтау аясында түрлі мерекелік бағдарлама өткізіліп, оның соңы елорда күнімен түйінделеді.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин