Анадолыда домбыра үні асқақтады

Биыл Анадолыда ұлттық домбыра күні ерекше атап өтілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірінші шілде күні басталған ұлық мереке үш күн тойланды. Қасиетті домбыраның қоңыр үні Түркияның әсем тарихи жерлерінде күмбірледі. Түрлі ұлт өкілдерінен құралған өнер майталмандары Рим императорлығы тұсында негізі қаланған Анкара қамалы сахнасында өнер көрсетті.

Қойылым шаһардың ең биік нүктесі - Естергон қақпасында жалғасты. Мажарстандағы Османлы сарайының көшірмесі – Анкараға келетін әр туристің табан тірейтін жері. Сондықтан түркінің ең көне музыкалық аспабы тарихи жердің шырайын одан сайын ажарландырды.

Домбырашылар шаһардың қақ ортасында бой көтерген елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші мен Түркістан сарайында өнер көрсетті. Құрманғазының «Балбырауын» күйі қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, кейбіреуін таң қалдырды.

Аталай мен Акира. Бірі түрік, екіншісі жапондық домбырашы. Сері жігіттер домбырашы атағына әбден лайық. Екеуі де домбыраның құлағында ойнайды.

Атабей Барыш, домбырашы (Түркия):

Пандемияға байланысты біз домбыраны онлайн үйрендік. Себебі әр қалада тұрамыз. Кейбіріміз аспаппен бірінші рет таныстық. Бір-екі күй білетіндер де бар. Домбыра шеберлерімен бір сахнада өнер көрсету жақсы тәжірибе болды. Енді бұл аспапты жанымнан тастамаймын.

Акира Такегучи, домбырашы (Жапония):

Мен үшін өте қызық өтті. Себебі, Түркияның шартарабынан қаншама кісімен таныстым. Оркестрмен өнер көрсеттім. Музыкант ретінде, есте қалар оқиға болды.

Саида, оқушы:

Фестиваль жөнінде анам хабар берді. Бірден қатысқым келді. Дайындыққа барып, өзгелермен бірге тарттым.

Сурея Уапова, оқушы:

– Үйге келген қонақтардан домбыра фестивалі туралы естідім. Ойланып, қатысамын деп шештім. Себебі домбыра тартуды жақсы көремін.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, елорда күні мен ұлттық домбыра мейрамына орайластырылған шара Түрік тарихи мұражайы мен саябағында өткен концерттік кешпен жалғасты. Елдің әр түкпірінен жиналған 50 кісілік топ күй тартып, халық әндерін орындады. Арасында Ноғайдың халық әртісі Арсланбек Сұлтанбеков те болды. 

Түрік тарихи мұражайы мен саябағы санаулы күн бұрын ашылған. Ресми тұсау кесері болмаса да, аудан әкімшілігі қазақтың ұлттық күнін тойлауға рұқсат беріпті.

Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Түркиядағы елшісі:

Үш күн болды домбыра фестивалін өткізіп жатырмыз. Жалпы фестивалді өткен жылы өткізгіміз келген. Алайда пандемияға байланысты шегердік. Дегенмен, онлайн өтті. Домбыра күнін Анкарада ғана емес, басқа қалаларда да жасағымыз келді.

Шара соңында фестивалге қатысушылар марапатталып, ұлттық мұраны насихаттауға қосқан белсенділерге арнайы сыйлықтар тарту етілді. Сондай-ақ елден әкелінген 50 аспап шет ел азаматтарына тарту етілді.

Авторы: Меруерт Қанағат

 

Сондай-ақ...