Ақтаудағы сәулет мүсіндері күрделі жөндеуді қажет етеді

Қашаған ескерткішінің гранит тақталары сынып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдындағы орындықтар да қирап жатыр. Ал, Жалау Мыңбаев ескерткішіне жөндеу қашан жасалады?  

Талғат Исламұлы, тілші:

- Ақын, жырау Қашаған Күржіманұлына орнатылған ескерткіштің қазіргі күйі сын көтермейді. Мүсін тұрған тұғыр сыртындағы гранит тақталары құлап жатыр. Сол маңдағы гүлзарлардың іші бос. Ескерткіш жанындағы электр қалқанының қақпағы ашық тұр. «Тоқ сымдарын балалар ұстап, қатерге ұрына ма» деп қауіптенеді тұрғындар.

Елена Гункина, қала тұрғыны:

- Ескерткіш айналасын гранит тақталарымен қаптауы мүлдем дұрыс емес. Сырты жылтыр болғасын адам тайып құлайды ғой. Бұл жермен балалар жүгіріп ойнайды. Ойылып тұрған жерлерге аяғын тығып ала ма деп қорқамыз.

Нина Максимова, қала тұрғыны:

- Бұрын азды-кем жөндеу жүріп еді. Қазіргі түріне қарап, мүлдем сапасыз жасалды деуге болады. Мұндай кемшіліктерді қаладағы көптеген нысандардан байқаймын. Қаншама ақша желге ұшып жатыр.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Қашаған ескерткішін толық жөндеуге шамамен 20-25 млн теңге қаржы керек. 2019 жылдың желтоқсан айында қала билігі тендер ойнатуға және былтыр көктемде жөндеу жұмыстарын бастауды жоспарлаған еді. Алайда, сол күйі аяқсыз қалды. Ал ақын мүсінің айналасы күн санап тозып барады.

Жауапты мамандардың сөзіне сенсек, жоғарыда айтылған қаржы бюджеттен қарастырылған. Эскиздік жоба да дайын. «Әкімнен пәрмен болса, тез арада тендер өткіземіз», - дейді Айбек Ербөлеков.

Айбек Ербөлеков, қалалық ТҮКШ бөлімінің меңгерушісі:

- Қаржымыз бөлініп, барлық тиісті құжаттамалары жасақталып тұр. Жоспарымыз бойынша бойындағы граниттерді ауыстыру, орындықтар, қосымша жарық бағаналарын орнату жұмыстарын есептеп отырмыз. Ар жағына кішкентай аллея жасағымыз келеді.

12-ші шағын аудандағы Тобанияз Әлниязұлы мүсінін жаңасына ауыстырып, абаттандыру бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы басталып та кеткен. Жеңімпаз мердігер анықталса, жөндеу басталады. Сондай-ақ 5-ші ықшам ауданда тұрған Жалау Мыңбаев ескерткішін қалпына келтіруге жоба құжаттары әзірленіп жатыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев