424,37 503.77 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада «Qazaq: history of the golden man» деректі фильмінің көрсетілімі өтті

  • 141
  • UPD: 21:29, 06.07.2021

Елордада «Qazaq: history of the golden man» деректі фильмінің алдын ала көрсетілімі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстанның Тұңғыш Президенті жайлы туындының басы-қасында әйгілі режиссер Оливер Стоун жүрген. Ол деректі фильмнің интервюьері әрі продюсері ретінде бой көрсетті. Деректі фильмнің айтары не?

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаттағы сара жолы көпке аян. Еліміздің егемендік алуы, бүгінгі елорданың бой көтеруі, талай тарихи, тағдырлы шешімдердің қабылдануы, тәуекел мен жетістіктер сыры. Фильмнің басты кейіпкері өз жайын өзі айтуға келісіпті. Айтылған ой дәйекті кадрлармен дәлелденген.

Төлеген Мұхамеджанов, композитор, қоғам қайраткері:

- Елбасының өте ашық әңгімесін тыңдадық. Адам ретінде, тұлға ретінде. Кейбір жерінде мүмкін басқа жерде айтпайтын сөздерін айтты ма? Осы әңгімені, мен ойлаймын, жалпы халқымызға көрсетуіміз керек.

Нұрлан Әлімжанов, қалалық мәдениет басқармасының басшысы, актер:

- Өте тамаша. Алған әсерім керемет. Өзім Елбасын ойнадым, ол кісінің рөлін сомдадым. Күн өткен сайын, жыл өткен сайын ол кісінің тереңдігі, биіктігі, ауқымдылығы дәлелденуде.

Ақан Сатаев, кинорежиссер:

- Бұл халықаралық деңгейдегі жоба. Оған салмақ қосқан О.Стоунның өзі. Документалды киноны 2 сағаттан астам көру оңай емес. Қойылған сұрақтар мен алынған жауаптар өте қызық.

Орталық Азиядағы Кеңес Одағынан бөлініп шыққан мемлекеттер тарихын зерделей келе, Оливер Стоун әлемге танытуға лайық тұлғаны іздей бастайды. Сөйтіп, Елбасы жайлы деректі фильм түсіру қажет деп түйеді. Украиналық режиссер Игорь Лопатенокпен команда құрып, халықаралық деңгейдегі жобаға кіріседі. Фильм түсірілімі еліміздің әр түкпірінде өткен. Ядролық қарудан бас тарту, Қытай, Ресей, АҚШ сынды алып державалар арасын жақындату, геосаяси аламанда ойып тұрып орын алудың анық үлгісі 8 эпизодта көрініс табады. 

Оливер Стоун, интервьюер:

- Қазақстан алып державалардың ортасында орналасқан үлкен мемлекет. Бұл жерде түрлі көзқарас, түрлі мүдде бар. Нұрсұлтан Назарбаев солардың арасында тепе-теңдікті сақтап, алыс-жақын шет елдермен бейбіт дипломатиялық байланыс орнатқан тұлға. Мемлекеттердің арасында алауыздық пайда болғанда арағайындық жасап, бірлікке шақырды. Кеңес Үкіметі құлап жатқанда да, талай маңызды шешімдер қабылдағанын білеміз. Соның нәтижесі бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан. Сондықтан сұхбат кезінде өзімді қызықтырған сұрақтардың барлығын қойып, жауабына қанықтым.

Игорь Лопатенок, деректі фильмнің режиссері:

- Біз деректі фильмді үлкен экранға арнап жасадық. Түсірілім 19 айға созылды. Тағы 9 айдай пысықтап, келесі жылдың сәуірінде жарыққа шығарғымыз келеді. Әрине, көрерменнің ойы өте маңызды. Осы туындымыз арқылы әлем халқы Қазақстан жайлы, Тұңғыш Президенттеріңіз жайлы білетін болады.

Фильмге енбей қалған деректер 800 беттік кітап болып шығады. Ол да оқырманға жол тартады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Марат Дихамбаев

Хабар 24 телеарнасы