Танымал режиссер Сатыбалды Нарымбетов өмірден өтті

Отандық кинематографтың кемеңгері Сатыбалды Нарымбетов өмірден озды.

Бұл хабарды Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы растады.

«Бірнеше ай бұрын Сәкен ағаны 75 жасқа толған мерейтойымен құттықтаған едік. Сол күні көп жылы сөздер айтылып, режиссердің ерен еңбегі атап өтіліп, тілектер жаудырылған еді. Ал бүгін айтарға сөз, өзгертуге не қайтарып алуға қауқар жоқ...

Қазақстан жазушылары одағының мүшесі Үміт Тәжкен былай деген: «Жүріп өткен жолына қарап Сатыбалды өзіне өнерге адал қызмет еттім деп, өзіне адал болдым деп айта алады және ол өз туындылары мен фильмдерінде тек жүрегінен өткізген оқиғаларды бейнелеп, көрсетеді».

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының ұжымы Сатыбалды Жәлелұлының отбасына, достарына, әріптестері мен оқушыларына қайғырып көңіл айтады», – делінген мәлімдемеде.

Сатыбалды Нарымбетов 1946 жылы 7 наурызда Түркістан облысының Түркістан ауданындағы Ащысай ауылында туған. Мәскеу қаласындағы мемлекеттік кинематография институтын бітірген. 1984 жылы жоғары режиссерлік курсты (Г.Н. Данелияның шеберханасы бойынша) бітірген. 1969 жылдан «Қазақфильм» студиясында сценарийші әрі кинорежиссер ретінде қызмет етті. 1970 жылдан «Қазақфильм» киностудиясының кинорежиссері болды. Ал 2005 жылдан бері Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Дебют» бірлестігінің жетекшісі болған еді.

«Құрманғазы» атты деректі фильмін (1972 жылы), «Зауал» (1981 жылы), «Күзгі бұралаң жол» (1984 жылы) қысқа метражды фильмі, «Ұрын келген күйеу» (1987 жылы), «Созақтан шыққан Гамлет» (1990 жылы), «Көзімнің қарасы», «Жас аккордеоншының өмірбаяны» (1994 жылы), «Омпа» (1998 жылы) және тағы басқа көркем фильмдерге режиссерлік еткен.