Режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің бейнесі халық жадында мәңгілік сақталады

Қазақ кинематографиясы орны толмас қазаға ұшырады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, режиссер-сценарист, Сатыбалды Нарымбетов 75 жасында өмірден өтті. Ол кино мен əдебиетте өзіндік суреткерлік əлемін қалыптастырып, соңына тамаша туындылар қалдырды. Оның алдағы күнге жоспары өте көп болатын. Екі бірдей тарихи фильм түсіру туралы ойластырған екен. Оның бірі сценарийі жазылып болып, өндіріске жіберіліпті.

Сатыбалды Нарымбетовтің туындылары бір-біріне ұқсамайды. Кинода да, әдебиетте де ол өзінше жаңа сүрлеу салуға ұмтылды. Таптаурын болған тақырыпқа жоламауға тырысып бақты. Бір ғана өзінің сценарий желісімен жазылған «Көзімнің қарасы» әлемнің талай айтулы кинофестивальдерінің жүлделерін қанжығасына байлады. «Әлем киносындағы үздік фильмдер» тізіміне енді. Франция киноакадемиясының Жорж Садуль атындағы сыйлығының лауреаты атанды. Туындының сюжет желісі қарапайым кеншілер кентінде өрбіп, аккордеонда ойнайтын баланың өмірі суреттеледі. Оның әкесі жапондық әскери тұтқындарды үйіне қонаққа шақырғаны үшін 2 жылға түрмеге қамалған.  

«Сөзден гөрі сезім бай ғой. Киноның бір ұтатыны – сол сезімді шығаруға болады» дейтін өзі. Оның Семейдегі полигон зардаптарын баяндайтын «Қыз жылаған» фильмі ұзақ толғаныстан кейін түсірілген дүние болатын. Соның тұсаукесерінде режиссер былай деген еді.

Сатыбалды Нарымбетов, кинорежиссер:

- 3 жыл толғаттым. Өзінің шығармасына сүйсіне қарайтын режиссердің бірі мен емеспін. Алға қойған мақсатымның 20-25 проценті орындалса...

Сатыбалды Нарымбетовтің «Мұстафа Шоқай», Кенесары хан туралы жазған диссертациясы үшін қуғындалып, түрмеге түскен тарихшы Ермұхан Бекмаханов жайындағы «Аманат» фильмдері де көрермен ықыласына бөленді. Бұдан өзге ол «Созақтан шыққан Гамлет», «Балалық шағымның Дон Кихоты», «Ауылдан келген күйеу», «Ассалаумағалейкум, Атлантида», «Айғай» фильмдерінің авторы. Көбінің сценарийін өзі жазып, кино өнеріне бүкіл саналы ғұмырын арнады.

Смағұл Елубай, кинодраматург:

- Саналы ғұмырымыз қатар өтіп еді Сатыбалды досымызбен. Сатыбалды Нарымбетов ынта-шынтасымен бүкіл ғұмырын өнерге арнаған тұлға болды. Өнерден басқаны ол ойламайтын. Сондықтан өнеріне адал болды. Әдебиетке, киноға адал болды. 

Болат Қалымбетов, актер: 

- Ол кісінің екі фильміне түстім актер болып, «Молитва Лейлы», «Көзімнің қарасы». Сәкен аға мені еркелетіп фильмінен тастамайтын, кішігірім роль болса да беретін. Талисманым деп. Өзі сондай бір ашық, юморға жақын кісі еді. Жаны да, тәні де қазақы. Фильмдерінде қазақтың иісі аңқып тұратын. 

Сатыбалды Нарымбетов қандай дүние жасамасын сол дәуірді барынша зерттеуге тырысатын. Содан болар оның туындылары шынайы шығатын. Тағы бір тарихи туындысы, поляк ғалымы, этнограф-зерттеуші Адольф Янушкевич жайындағы фильмін түсіруді жақын арада бастауы тиіс еді. Содан кейін Кенесары хан туралы толық метражды кино түсіру жоспары болған.

Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев