424,02 504.55 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мұстафа Шоқайға жақын екі қала бауырласты

  • 131
  • UPD: 15:52, 09.07.2021
Мұстафа Шоқайға жақын екі қала бауырласты

Еліміздің тәуелсіздігі үшін күрескен көрнекті саяси қайраткер Мұстафа Шоқайға жақын екі қала бауырласты.

Алаш басшыларының бірі дүниеге келген Қызылорда Мұстафа Шоқай 20 жыл бойы өмір сүрген Францияның Ножан-сюр-Марн қаласымен бауырластық келісім жасасты.

Қуғынға ұшыраған Мұстафа Шоқай осы қалада қоныстанып, мұнда Қазақстан тәуелісзідігі үшін күресін жалғастырған болатын. Сондықтан Қызылорда Еуропадан тыс жердегі Ножан-сюр-Марн үшін тұңғыш бауырлас қала болды. Француз тілінде бауырлас қалаларды егіз деп атайды.

Жак Мартен, Ножан-сюр-Марн қаласының мэрі:

Біз бауырластыққа ерекше мән береміз. Мұстафа Шоқай біздің де отандасымыз, есімі қалада мәңгі сақталады. Тұрғындарымыз оның өмірбаянын жақсы біледі.

Санитарлық шектеулерге байланысты шекаралар жабық болғандықтан, бауырластықты орнату рәсімі онлайн өтті. Жақын арада Қызылордада көшелердің біріне бауырлас қаламен байланысты бір ат қойылады.

Мұстафа Шоқайды қала тұрғындарының көбісі жақсы біледі. Бұл ескерткіш 2010 жылы орнатылды. Францияда тұратын қазақтар үшін бұл ерекше орын.

Ясар Динч, «Мұстафа Шоқай» Франция-Қазақстан достығы қауымдастығының президенті:

Бүгін қуанышты күн. Қазір әкімшілікке барып, Қазақстан туын тікпекшіміз. Ертең бір күні бүтін Қазақстан келіп, Францияны алып келсе, қуанамын.

Мұстафа Шоқайдың өмірі әлі күнге дейін аз зерттелген. Эмиграцияда жазған еңбектерінің көбі аударылған жоқ. Мұстафа Шоқайдың есімімен аталған саябақтың қасында нөмірі жетінші үй бар. 1921-1941 жылдар аралығында мұнда Мұстафа Шоқай жұбайымен бірге тұрған. Францияны басып алған фашистер оны Германияға жер аударып, ол көп ұзамай Берлиндегі ауруханалардың бірінде қайтыс болды. Бауырлас қалалар өзара тығыз мәдени байланыс орнатпақ.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан

 

Хабар 24 телеарнасы