Атақты диқан Ш.Берсиев туралы көркем фильм түсіріледі

Шығанақ Берсиев туралы көркем фильм түсірілімі басталды. Атақты диқан, бірнеше әлемдік рекорд иесінің өмір жолын қамтитын тарихи драманы ақтөбелік жас режиссер Азамат Айнағұлов қолға алған.

Толық метражды шығармада кеңестік замандағы саяси қуғын-сүргін кезеңінен бастап, екінші дүниежүзілік соғыстың қиын-қыстау жылдары көрсетіледі. Қазір шығармашылық топ дайындық жұмыстарына кірісіп кеткен.

Бұл халық басына күн туып, қан майданның қаһары қазақ жеріне жеткен шақтан көрініс. Шығанақ Берсиев бұған дейін де айтып келген ашаршылықтан ауыл-аймақты аман алып қалған ел ағасы. Көркем фильм түсіріліміне арқау болған да дәл осы кезең көрінеді.

Режиссер Азамат Айнағұлов даңқты диқанның рекорды мен түрлі марапатынан бұрын ел аузында қалған ізгі істерін көпшілікке жеткізуді дұрыс деп шешкен.

Азамат Айнағұлов, фильм авторы, режиссер:

- Ол енді өмірінде негізі шаруа болған адам ғой. Ешқандай нақыл сөз қалдырмаған. Ісімен ғана дәлелдеген. ісімен үлгі бола білген кісі. Мен ойлаймын ондай тарихи тұлғалардың тек ғана аты, атағы ғана жатталмау керек. Олардың істеген істері үлгі болуы керек.

Қазір көркем фильмнің алғашқы аңдатпа бейнелері ғана түсірілген. Шығармашылық топ рольдерді сомдайтын артистер мен кеңестік кезеңнен қалған ғимараттар, бұйымдарды іздеуге кірісіпті. Бірінші кезекте Ақтөбе өңірінде еңбек ететін актерлерге көңіл аударамыз дейді. Дегенмен, кәсіби білімі жоқ, талантты жандардың да тарихи драмадан көрінуге мүмкіндігі бар. Ал қаражатты краудфандинг әдісі арқылы, яғни өнерді қолдауға әзір жомарт жандардың көмегімен жинауға бел буған.

Марат Телеуов, фильмнің атқарушы продюсері: 

- Мұндай жобаларда «жұмыла көтергең жүк жеңіл» қағидасын ұстану маңызды. Себебі бұқара халық тарихи тұлға туралы неғұрлым көп естелікті қалдыру қажет екендігін түсінуі тиіс. Сонда ғана әрбір қазақстандық өз үлесін қосып, үлкен жобаның жүзеге асуына себепкер бола алады. 

Сұрапыл соғыс жылдары әскери ұшақ құрылысына қаржы берген Шығанақ Берсиев туралы елімізде естімеген жан кем де кем. Ақ тарының атасын көпшілік 4 дүркін әлемдік рекорд иесі деп те біледі. Алайда фильм авторлары ауылдастарын бірнеше мәрте аштықтан аман алып қалған ақсақалдың өнегелі өмірі бірнеше көркем туындыға арқау боларына сенімді. 

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков