424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Петропавлда ерекше қорғалатын тарихи ғимарат жекенің қолына өтіп кеткен

  • 119
  • UPD: 10:35, 16.07.2021

Петропавлда ерекше қорғалатын тарихи және мәдени ескерткіш ғимарат мемлекетке қайтарылатын болды. «Қалыңдық үйі» деп аталатын нысан апатты деп танылып, күрделі жөндеуден өткен еді. Алайда бес жылдан соң ғимараттың қабырғалары қайта сөгіліп, жаңартуды талап етуде.

Аңыз әңгімелерге сенсек, бұл нысанды Мәскеудегі байдың қызына ғашық болған петропавлдық көпес Янгузаров салдырған. Ол үшін Италиядан сәулетшілерді арнайы алдыртыпты. Екі қабатты еңселі ғимарат барокко стилінде, яғни ұлттық нақышпен астасып тұрғызылған. Бір ғасырдан астам тарихы бар нысан 90-жылдары осы маңдағы мешіттің қарамағына өткен. Содан бері тек бір рет ғана жөнделіпті.

Нұрболат Әбуов, тарих ғылымдарының кандидаты: 

- Қайта қалпына келтіру жұмыстары осыдан 5 жыл бұрын ғана жүргізілді. Шамамен 60 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған екен. Дегенмен, жағдайы әлі сын көтермейді. Көктемде су басады, қабырғалары да жарылып жатыр. Біз мұндай тарихи нысандарды сақтап қалуымыз керек. 

Аталған мәселе жыл соңына дейін шешіледі. Мәдениет басқармасындағылар апатты ғимарат мемлекеттің қарамағына өтетінін айтып отыр. Кейін сәтін салса, келер жылы қайтадан жаңартылады. Жалпы бүгінгі күні Петропавл қаласында тарихи мәдени ескерткіш ғимараттарының саны 64. Ал оның 47-сі тоқырау жылдары сатылып кеткен.

Рахат Мәмбеталинов, облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығының директоры: 

- 2000 жылдарға дейін мұндай нысандарды сатуға заңды түрде рұқсат берілді. Бүгінгі күні жекенің қолына өткен ғимараттардың үшеуі саудаға шығарылған екен. Дегенмен, бұл нысандар ескерткіш ретінде сақталғандықтан кәсіпкерлер бізбен міндетті түрде қауіпсіздік міндеттемесі бойынша келісімге отыру керек. Яғни олар нысанның сыртын бұрынғы қалпында сақтауы тиіс.  

Осындай келісім жасасқан кәсіпкерлердің бірі қазір облыс орталығында қираған мәдени нысанды қайта қалпына келтіріп жатыр. Ол үшін құрылысқа қажетті әр кірпішті арнайы Ресейден алдыртқан.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Мына ғимарат 1913 жылғы. О баста сауда үй ретінде бой көтерген. Ұлы Отан соғысы жылдары мұнда госпиталь, артынша жергілікті аурухананың корпусы болған. Тоқырау жылдары қаңырап бос қалған нысан алдағы уақытта сауда ойын-сауық орталығына айналмақ. 

Айта кету қажет, Петропавл еліміздегі осындай тарихи ғимараттар саны ең көп қалалардың бірі.

Хабар 24 телеарнасы