ШҚО-да табылған артефактілер Лондондағы көрмеге қойылады – Даниал Ахметов

Елеке Сазы шатқалындағы және Ақбауырдағы ғибадатхана кешеніндегі қазба жұмыстар барысында табылған бірегей олжалар қыркүйек айында Лондондағы «Ұлы дала алтыны» көрмесіне қойылады, деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов ақын-жазушылармен кездесуде.

Облыс әкімі ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Әлібек Асқаров, Қадырбек Сегізбаев және Әлібек Қаңтарбаев сынды Шығыс Қазақстан облысынан шыққан атақты ақын-жазушылармен кездесті.

Кезедесуде Даниал Ахметов жазушыларды Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып Өскеменде салынатын монументтің жобасымен таныстырды. Олар монументті қазақ халқының рухы мен мәдениетін танытатын маңызды тарихи символға айналады деп бағалады.

Сондай-ақ әкім облыстағы көркем сөз шеберлерінің альманахын қайта шығару туралы ұсыныстарын қолдайтынын айтты. Онда шығармаларын оқырман бұрыннан білетін жазушылар ғана емес, талантты жастардың да көркем туындылары жарияланады. Сондықтан корифейлердің шығармашылыққа енді келіп жатқан жас буынға қолдау көрсеткендері өте маңызды екенін тілге тиек етті.

Сондай-ақ жазушылар Тарбағатай және Ұлан аудандарындағы «Елеке Сазы» қорғаны мен «Ақбауыр» ғибадатханасындағы қазба жұмыстары кезінде табылған артефактілердің суреттерін тамашалады.

Даниал Ахметов бұл артефактілер қыркүйек айында Лондондағы «Ұлы дала алтыны» көрмесіне қойылатынын, содан кейін мұражай экспозицияларынан лайықты орын алатынын айтты.