Канн фестивалінің бас жүлдесі «Титан» фильміне бұйырды

Биылғы Канн фестивалінің бас жүлдесі «Титан» фильмі үшін француз режиссері Джули Дюкорноға бұйырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Картинада басында титан бөлшегі бар кісі өлтіруші әйел туралы баяндалады. Қатыгездік көрініске толы кино туралы көптің пікірі екіге жарылды. Сыншылардың бір бөлігі қолдаса, енді бірі ерекше ашық эпизодтарды сынға алған. 37 жастағы француз режиссері белді кинофестивальдің бас жүлдесін иеленген екінші әйел атанды. Ал «Үздік әртіс әйел» номинациясы Иоахим Триердің «Әлемдегі ең нашар адам» фильмінде басты кейіпкерді сомдаған Ренате Рейнсвеге берілді. Ерлер арасындағы сыйлықты австралиялық «Нитрам» фильмінде кісі өлтірушінің ролін ойнаған Калеб Лэндри Джонс иеленді.