Рухия Байдүкенова: Бұл жеңіспен тоқтап қалмаймын

«Славян базары» халықаралық байқауында барша қазақтың мерейін көтеріп, жеңіске жеткен Рухия Байдүкенова елге оралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жас әншіні әуежайда күтіп алған көптің ортасында біздің тілшілер де бар. Талайларға арман болған ән додасында қара үзіп, тыңдаушысын таңдай қақтырған қазақ қызының ендігі жоспары қандай, мақсаты не?

«Славян базарының» су жаңа жеңімпазы ел астанасына түнгі сағат үштің шамасында ұшып келді. Сондықтан оны күтіп алуға негізінен жақындары жиналды. Жас әнші ұшақтан түскенше оларды әңгімеге тарттық. Жиналғандар бірауыздан Рухияның дәл осы байқауға қатысуды армандағанын айтты.

Айым Имашева, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті:

- Димаш ағамыздың жанкүйері болды. «Сол кісі сияқты болсам ғой, сол кісінің жолын басып, «Славян базарына» қатыссам» деген арманы болатын. Сол кезде біз қарайтынбыз «көреміз енді» деп. Бүгін құттықтауға барлығымыз жиналып тұрмыз.

Бұл байқаудың бас жүлдесін 2015 жылы Димаш Құдайбергенов иеленген еді. Бұл жолы ол қазылар алқасының арасынан табылды. Араға алты жыл салып Рухия Димаштың жетістігін қайталады. Ол мүмкін 140 ұпайдың 138-ін иеленді. Шектеу шараларына қарамастан қарсы алушы топ жеңімпазды сән-салтанатымен, қазақы дәстүр бойынша шашу шашып күтіп алды.

Рухия Байдүкенова, «Славян базары» байқауының жеңімпазы:

- Күнде дайындалдым. Үш айдай. Көптеген қиындықтар да болды, қуаныштар да болды. Расымен, сонысымен қызық. Мен тек қана жеңіс үшін барған болатынмын.

Жас әнші әуежайда негізінен «Славян базары» байқауына көбірек тоқталды. Ал Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында болашағы жөнінде баяндап, бұл жеңіспен тоқтап қалмайтынын айтты. Рухияның ендігі мақсаты – ән жазу, клип түсіру және телевизиялық жобаларға қатысу.

Рухия Байдүкенова, «Славян базары» байқауының жеңімпазы:

- Вокалдық деңгейімді бұдан да жоғары деңгейге өсіремін деген ойдамын. Мен сол үшін еңбектенемін күнде. Алдағы уақытта жоспарым өзімнің жеке шығармашылығыммен айналысу.

Бұл ретте әнші: «ұсыныстарды күтіп қана қоймай, оларды өзім де іздеймін» деді. Ал оның ұстазы Рухияның өнер әлеміндегі жолының енді басталғанын, алда әлі бұдан да жарқын жеңістердің күтіп тұрғанын айтады.