Елордада шығармашылық көрме ашылды

Елордадағы «Нұр Әлем» болашақ энергиясы мұражайы маңында отандық және шетелдік суретшілер, мүсіншілер мен фотографтардың көрмесі ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

EXPO аумағында қойылған өнер туындылары аумақтың бірегей шығармашылық атмосферасын көрсетіп, заманауи ашық аспан астындағы галереяға айналды. Айта кетерлігі, барлық санитарлық талаптар сақталған. Келушілер тек Ashyq қосымшасы арқылы ғана кіре алады.

Дәулет Ерімбаев, «Qazexpocongress» ҰҚ АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Бірегей кеңістік ұйымдастырылғаннан кейін келушілердің саны көбейді. Мәселен, жыл басында «Нұр Әлем» – болашақ энергиясы мұражайына күніне 1200 адам келетін. Ал көрме ашылғалы бері 2 мыңға жуық келушілер туындыларды көріп, көзайым болды.