476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қазақстан өндірген анимациялық өнімдер бәсекеге қабілетсіз

  • 311
  • UPD: 11:15, 06.08.2021

Заманауи үлгідегі анимациялық өнімдерге еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін қызығатыны анық. Алайда қазақстандықтардың көңілінен шығып, кеңінен танылған отандық туынды некен саяқ. Қазақ ертегісінің желісімен анимациялық фильмдерді түсіріп, олардың танымалдылығын арттыруға не кедергі? 

Қазақстандықтарды елең еткізген Ертөстік туралы тұңғыш толық метражды фильмнің шыққанына 10 жылға таяды. Алайда 3D форматта салынған батырдың бейнесі еш жерден көрінбей, көмескіленіп қалды. Ертөстіктің әйгілі Marvel кейіпкерлеріндей танымалдылыққа татитыны анық. Бірақ заманауи батыр феноменін тудыра алмады. 

Анимация саласының маманы Адай Әбелдиновтың сөзінше, толық метражды бір фильмге қарағанда көп сериялы мультфильмдердің қаралымы жақсырақ.

Адай Әбелдинов, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының бас продюсері:

– Олардың танымалдылығы, көптеп, санмен айтқанда, көптеп конвейермен шығарады. Көп шығарған кезде оның ауқымы да көп болады. Бізге қазіргі сатыда кейіпкердің танымалдылығын арттыру үшін әрине қазір санын өсіру керек. 

Ия, аудитория кейіпкердің тағдырына алаңдап, оны үнемі іздеп тұруы шарт. Демек, үздіксіз жарияланатын контенттің сапасы да жоғары болуы тиіс. Алайда продюсердің айтуынша, бұл да аздық етеді. Елімізде әзірге креативті, яғни шығармашылық индустрия әлі дами қоймаған. Әзірге қазақ анимациясы мемлекеттік қолдаудың арқасында ғана тыныстап тұр.   

Адай Әбелдинов, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының бас продюсері:

– Әрине жақсы болушы еді егер де дара студиялар өздері дамып, өздерінің қаржысын өздерінің проектілеріне құйып жасап, одан пайда тауып, қайтадан қаржы құйып дамыса ол кәдімгі үлкен индустрияға айналатын еді. Бірақ қазіргі сатыда бізге мемлекеттің қолдауы қатты қажет.

Жалпы кино және анимация саласындағы креативті индустрия бірнеше сценарий бойынша дамиды. Ауызекі немесі әдеби шығарманың желісімен комикстер жасалады, кейіннен комикстер анимациялық фильм түсіруге түрткі болады. Бұл тек бір ғана сценарий. Мына кестеде келтірілген өзге де жолдар арқылы кейіпкерлері киноға арқау болып, қалың көрерменге жол тартатыны қаншама. 

Мәселен, түрлі құбыжықтармен күресетін Ривияның Геральдін алайық. Польшаның фольклорлық кейіпкері туралы Анджей Сапковский фэнтези жанрындағы кітаптар шығарады. Қиял-ғажайып хикаяның көпшілікке ұнағаны соншалық кейіннен компьютерлік ойын жарыққа шығады.  

Әрине анимация арқылы батырларды таныту үшін тұтас креативті индустрияны бір мезетте дамыту қиынға соқпақ. Қазақстандық комикс жанрын дамытуға ден қойған Бекзат Мырзахметовтың әуелі аудиторияның ауқымын белгілеп алған жөн дейді. 

Бекзат Мырзахметов, Tengri Comics студиясының директоры:

– Бұған тауар ретінде қарау керек. Яғни оны өткізу керек. Нарықта сату үшін сатып алатындар керек. Қазақстанда 18 млн халықтың ішіндегі оны өткізетін мақсатты аудиторияның ауқымы тарыла түседі. Демек, одан түсер қаржы аз. Тек мемлекеттің қолдауымен арналарға сатуға болатын шығар, бірақ соның өзінде өзін-өзі ақтауы екіталай. 

«Креативті индустрияны дамытудың төте жолы мемлекетке иек артпай, бірден халықаралық нарыққа шығару», - дейді Бекзат.

Шығармашылық студия басшысы әлемдік нарыққа сапалы өнім өткізуге болатынына сенімді. Өйткені өзі жетекшілік ететін компания Ермек батыр және Алтын Адам туралы комикс жасап, оларды Google Play платформасы арқылы саудалап отыр. Егер шетелдік студиялар осы комикстердің желісімен анимациялық фильм түсіруге ұсыныс тастаса, бірден келісімін бермек.  

Алматылық тілшілердің көмегімен Бақыт Топтаева, Жандос Сұлтанғазы

Хабар 24 телеарнасы