Абай күнінде әлеуметтік жоба жарияланды

Бүгін елордада Абай күніне орай «Жас қаламгер» оқу мектебіне өтініш қабылдау басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нұр-Сұлтан қаласының мектептерінде оқып жатқан балалар Құнанбайұлының мұрасын заманға сай, жаңаша әдіс-тәсілдермен таниды. Әлеуметтік жоба «Драматургия мәдениеті», «Әдебиет әлемі – проза жанрында», «Тіл шеберлігі және поэзия», «Абай шығармалары арқылы ағылшын тілін үйрену», «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы немесе ақын болудың құпия сырлары» атты 5 бағыт бойынша іске асады. Оқыту бағдарламасын Несіпбек Айт, Роза Мұқанова, Серікзат Дүйсенғазин, Жанат Әскербекқызы және Ернат Мелсұлы сынды ақын-жазушы, ғалымдар жүргізеді. Жобаға өтініш білдіргендер арасынан 200-ге жуық бала іріктеледі.

Гүлзейнеп Пазылова, ҚР мәдениет және спорт министрлігі мәдениет комитетінің басқарма басшысы:

– Жалпы мақсатымыз – мынау өскелең ұрпақтың ішінен өсіп келе жатқан, сондай бір дарынды балаларымызды, талантты жас ұрпағымызды қолдау, оларды ұлы Абайдың жолымен, жыр алыбы Жамбылдың ізінен өсетін балаларды тәрбиелеу, олардың сол жолда, өздерінің жолын табуына мүмкіндік беру болып табылады.

Ернат Мелсұлы, «Ғылым тап = find science» жобасының авторы:

– Абай атамыз айтқандай, дүние кілті қазір орыс тілі емес, ағылшын тілі болып тұр. Әлемдегі ғылымның, ғылыми жаңалықтардың 80 проценті ағылшын тілінде жарияланады. Осы тұрғыда «Жас қаламгер» жобасының аясында «Ғылым тап», яғни = «Find Science» Абай атамыздың «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңі арқылы ағылшын тілін үйретеміз.