Беделді музыкалық баспа қазақстандық композитордың партитурасын шығарды

Беделді музыкалық баспа қазақстандық композитордың партитурасын шығарды

Беделді музыкалық баспа Verlag Neue Musik қазақстандық композитордың туындыларын шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Рахат-би Әбдісағинның органға жазған партитурасы Германияның барлық музыка дүкендерінде сатылады. Сондай-ақ елдің Ұлттық кітапханасы және консерваториялар мен университетеріне табысталады. Verlag Neue Musik 60 жыл бойы атақты классиктермен қатар дарынды жас композиторлардың шығармаларын басып келеді. Осыған дейін Рахат-би Әбдісағинның сыбызғы және гитараға арналған туындыларын да жариялаған. «Қазақ Моцарты» атанған өнер иесі небәрі 13 жасында Құрманғазы атындағы қазақ Ұлттық өнер консерваториясына оқуға түскен. Италиядағы өнер академиясын да тәмамдаған.

Кристоф Таггатц, Verlag Neue Musik баспасының шеф-редакторы:

- Бетховен секілді классиктермен қатар Германия, Италия, Франция және Англияның белгілі заманауи композиторларының туындыларын басып шығарамыз. Рахат-би Әбдісағин біз әріптестік орнатқан алғашқы қазақстандық композитор. Оның дарынын бұрыннан бері білеміз. Жеке өзім онымен таныспын. Музыкасын тыңдағанда шығармаларының бірегей стилін танимын. Өзінің дара тілі бар. Сатумен қатар оның еңбектерін консерваториялардың доценттеріне табыстаймыз. Студенттерге көрсетуге болады.