«Келінжан» телехикаясы: жаңа маусымда көрерменді қандай қызықтар күтіп тұр

Күзде «Хабар» телеарнасынан «Келінжан» телехикаясының үшінші маусымы көрерменге жол тартады.

Телехикаяның басты кейіпкерлерінің бірі Қылышбектің рөлін сомдайтын актер Рүстем Жаныаманов жаңа маусымның жаңалықтарымен бөлісті.

Айтуынша, Қылышбектің рөлін сомдау оңайға түспепті.

«Бұл образды шығару қиын болған. Оңай рөл емес. Сондықтан оны өзім мақтан тұтамын. Үшінші маусымда өте жеңіл болып жатыр. Бірінші маусымда 2-3 дубльден түсірсек, қазір үшінші маусымда бәрі бір дубльмен кетіп жатыр. Өйткені бұл сериалдағы образдар бойымызға қатты сіңіп кетті. Келеңсіздіктер мен қателіктер мүлде болып жатқан жоқ», - деді актер Хабар SHOW Youtube-арнасына берген сұхбатта.

Қылышбек үшінші маусымда жаңа қырынан танылмақ.

«Үшінші маусымда Қылышбек өте қатты өзгереді. Ол кішкене ширайды. Үшінші маусым өте қызық болады, өйткені осы жолы сценарийді продюсермен бірге режиссер де жазып отыр», - деді Рүстем Жаныаманов.

Актердің айтуынша, алдағы уақытта телехикаяның төртінші маусымы, сондай-ақ толықметрлі нұсқасы да шығуы мүмкін.