Павлодарлық студенттер шағын сериалдың түсіріліміне кірісті

Бұл университет қабырғасындағы өмірге арналған алғашқы сериал болмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ерекшелігі сол, шығармашылық жұмыспен тек студенттер айналысады. Сценарий авторлары, артистер, режиссерлер мен операторлардың бәрі – жастар.

Қыз-жігіттер шығармашылық процеске кіріспек бұрын кастинг жариялап, 50-ден астам студенттің өтінішін қарастырған. Нәтижесінде 15 кандидат таңдалды.

Дәурен Шәріпов, инста-сериал режиссері:

- Сериал түсіру идеясы өткен жылдың күзінде пайда болды. Бұған дейін Павлодарда «Аудандағы махаббат», «Бауырлар» сияқты бірнеше шағын инста-сериал түсірілді. Содан болар, шабыттанып кеттім. Неге бізге де түсірмеске деп ойладым. Бастама көтеріп, қатарластарымның қолдауына ие болдым.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Бұл шығармашылық процестің маңызды сәті. Қазіргі уақытта студенттер қауымы сериалдың сценарийін оқу үстінде. Айта кетейік, сценарийді студенттер өздері жарты жыл бойы жазды. Ал кейіпкерлерді іріктеумен Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының кәсіби мамандары айналысты.

Басты рөлдерді жергілікті университеттің студенттері сомдайды. Басты рөл болашақ заңгер Әлішер Төлеубаевқа бұйырды. Өзі «Жайдарман» ойыншысы болғандықтан, ондаған студенттің ішінен үздік атанды.

Әлішер Төлеубаев, студент:

- Майда кастинг болды. Сол кастингтен өттім. 30-дай студент болды. Басты рөлді берді. Мен өзім КВН ойнап жүрдім. Алматыда КВН ойнаймын, Алматыға барып келгенмін. Сол КВН арқылы кішкене тәжірибем бар.

Жатақханадағы тірлік, дәрісханадағы сабақтар мен алғашқы махаббат. Жаңа туынды студенттік өмірдің қызығы мен шыжығын көрсетуді мақсат етеді. Идеяны жүзеге асыруға бір тиын да жұмсалмаған. Артистер жүктелген міндетті тегін орындауға келіскен. Түсірілімнің барлық жұмысын жалынды жастар өздері атқарып шығады.

Ажар Аманжолова, студенттік қозғалыстың белсендісі:

- Сериалды түсіруде кәсіби бейнекамералар қолданылмайды. Қарапайым ұялы телефонға түсіріп жатырмыз. Соңғы уақытта инста-сериалдарды түсіру қарқын алған. Біз де заман көшінен қалыспай, шағын туындымызды жасағымыз келді. Бейнематериалдың сапасы жаман емес.

Әлеуметтік желілерге арналған туынды тоғыз серияға шақталған. Сериалдың премьерасы тамыз айының соңында өтпек.

Ақмарал Есімханова және Жеңіс Темірболат