Әлібек Дінішев «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапатталды

Қасым-Жомарт Тоқаев халық әртісі Әлібек Дінішевті «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапаттады.

Мемлекет басшысы мәдениет майталманын мерейтойымен құттықтап, өнерге сіңірген еңбегін жоғары бағалады. Әлібек Дінішевтің жарты ғасырға жуық атқарған қызметіне ризашылығын білдірді.

«Педагог ретінде де, қоғамдық жұмыстарда да белсендісіз. Тәуелсіз еліміздің дамуына сіңірген еңбегіңіз орасан. Осы қызметіңізді ескере отырып, отандық мәдениетті дамыту мен музыка өнерін дәріптеудегі айрықша еңбегіңіз үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы шешім қабылданды. Мен оны лайықты шешім деп есептеймін», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мерейлі жас қой бұл. Әрбір адамның ғұмырындағы өте маңызды меже. Сондықтан шын жүректен құттықтаймын. Әрқашан аман болыңыз! Өзіңіз қазақтың маңдайына біткен ең дарынды тұлғалардың бірісіз. Сондықтан біз бәріміз сізді мақтан тұтамыз. Сізді білмейтін адам жоқ, Қазақстанда болсын, бүкіл әлемде болсын. Бәрі сіздің өнеріңізді жақсы біледі. Жоғары бағалайды. Сондықтан бәріміз ризашылығымызды білдіреміз.

Әлібек Дінішев ҚР халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері:

– Менің шығармашылығымды бағалап, көрсетіп жатқан құрметіңіз үшін алғыс айтамын. Өзіңіз айтқандай, еліміздің де, шет мемлекеттердің де сахнасында өнер көрсетіп келе жатқаныма 45 жыл болған екен. 70 жас мерейтойыма жоғары дәрежелі «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беріп жатырсыздар. Шексіз ризашылығымды білдіремін.

Кездесуден соң Әлібек Дінішев тұтас қазақ еліне алғысын білдірді. Халық әртісі жұрттың ыстық ықыласына бөленгенін зор бақытқа балады.

Әлібек Дінішев, халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері:

– Бұл мен үшін қуанышты күн. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жоғары дәрежелі марапат «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапатады. Шығармашылығымды жоғары бағалағаны үшін Мемлекет басшысына тағы бір мәрте ризашығылығымды білдіремін. Мен халық үшін ән шырқадым, содан шабыт алдым. Осы сәтті пайдалана отырып Қазақстан жұртына алғыс айтамын. Мен елдің ықыласына бөленгеніме ризамын.