Семейде бұрынғы ядролық полигонга арналған көрме ашылды

Биыл 29 тамызда әлемдегі ең ірі ядролық сынақ алаңдарының бірі Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толады. 1991 жылы Кеңес Одағы басшылығының қарсылығына қарамастан Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарихи жарлыққа қол қойды.

Сөйтіп, Қазақ Елі әлемде өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан мемлекет атанды. Бүгін Семейде Қазақстанның тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен «Маңызды шешімдер кезеңі» деп аталатын көрме ашылды. Мақсаты қалың көпшілікті құнды деректер мен тарихи құжаттарға толы мазмұнды дүниелермен таныстыру.

29 тамыз семейліктер үшін ғана емес, күллі қазақ даласы, тіпті әлем үшін маңызды датаға айналды. Әлемдегі ең алғашқы ядролық сынақ осы күні жасалса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та Семей полигонын жабу туралы жарлыққа осы күні қол қойды. Ал 2009 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының 64-сессиясында 29 тамызды ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп белгілеу жөнінде ұсынысы қолдау тапты. «Маңызды шешімдер кезеңі» деп аталатын көрменің де қасиетті Абай топырағында өтуі бекер емес. 

Бақытжан Темірболат, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының директоры:

- Бұл іс-шараға Елбасы кітапханасы 1 жылдың ішінде дайындалған. Өйткені полигонның 30 жылдығы тұспа-тұс біздің егемендігіміздің, біздің Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 30 жылдығына келіп отыр. Сондықтан да осы көрмемізді біз әдейі Семей қаласына, көп жәдігерлерімізді, архивтік құжаттарымызды, экспонаттарды әкеліп, жастарға арнап отырмыз.

Семей ядролық сынақ алаңында 40 жылдың ішінде 456 жарылыс болды. Бұл қасіреттен миллионнан астам адам зардап шегіп, қазақ даласынан маза қашты. Елбасы кітапханасының көшпелі көрмесінде осы туралы, 1989 жылдан бастау алған халықтық антиядролық қозғалыс тарихы жөнінде тарихи деректер мен жәдігерлер бар. Қазақстанның Тұңғыш Президентіне жаһандық қауіпсіздік сақтаудағы еңбегі үшін берілген Ұлыбритания, АҚШ, Жапония сияқты мемлекет басшыларының сыйлықтары да осында.

Орал Шәріпбаев, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, «Невада-Семей» ХАҚ мүшесі:

- 30 жылдың ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының өзі мемлекеттік тілде, қазақ тілінде сөйледі. Бұл Қазақстандағы береке-бірліктің, тыныштықтың, оның басында бүкіл әлемге танымал Қазақстанның тұңғыш Президенті тұрғанының куәсі ретінде болып жатыр. Сондықтан бүгінгі өткізіліп жатқан іс-шара Абай кітапханасында, Абай елінде өткізілуі бүгінгі таңда Абайдың бүкіл әлемдік дана Абай екендігін дәлелдегені, Қазақ елінің бар екендігінің белгісі деп білеміз.

Көрмеде Елбасының атомды бейбіт мақсатта қолдану идеясын насихаттау және жаһандық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету жөніндегі қызметі туралы архив материалдары ұсынылған. Барлығы 200-ден астам құнды дүние көпшілік назарына ұсынылып отыр. Шара қыркүйектің соңына дейін жалғасады.

Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов