Алматы облысында «Ақтастағы Ахико» фильмінің түсірілімдері жалғасты

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Ақтастағы Ахико» фильмінің түсірілімдерін қайта қолға алды.

Шынайы оқиғаға негізделген кең ауқымды тарихи киножобада Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тұтқынға түскен Жапонияның әскери училищенің курсанты Ахико Тэцуроның өмір жолы мен тағдыры баяндалады, деп хабарлайды «Хабар 24» киностудияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Фильмнің режиссері – Елдар Қапаров.

Алматы облысы Қарасай ауданы Долан ауылының маңында түсіріліп жатқан тарихи кинотуындыда ның түсірілімдеріне еліміздің бұқара ақпарат құралдары өкілдері басты рөлдерді Сырым Қашқабаев (Қазақстан) және Эйсаку Огасавара (Жапония) сомдайды.

Ал продюсері – «Сталинге сыйлық» (реж.Рүстем Әбдірашов) және «Жаужүрек мың бала» (реж. Ақан Сатаев) фильмдері арқылы танылған Әлия Уәлжанова.

– Ахико Тэцуро туралы фильмді түсіру идеясы осыдан бірнеше жыл бұрын пайда болды. Оның қилы тағдырын естіп білген соң, онымен танысып, кейінгі өмірі туралы білгім келді. Сол мақсатпен 2007 жылы Қарағанды облысы Ақтас ауылына барып, Ахико Тэцуромен таныстым. Ол туралы деректі фильмді де түсірдік. Ол өз тағдыры туралы егжей-тегжей баяндап берді. Осылайша көркем фильмнің сценарийі дүниеге келді, – деді фильмнің продюсері әрі тең режиссері Әлия Уәлжанова.

Айта кетсек, «Ақтастағы Ахико» көркем фильмі 2019 жылдың басында өндіріске жіберілген, дегенмен пандемияға байланысты фильмнің түсірілімдері уақытша тоқтатылған екен.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша түсіріліп жатқан бұл фильм 2022 жылдың соңында қалың көрермендерге ұсынылатын болады.