423,95 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

«Хабар» арнасында жаңа маусым басталады

  • 154
  • UPD: 18:39, 03.09.2021

Алдағы демалыс күндері «Хабар» арнасында жаңа телевизиялық маусым басталады. Көрерменге бірнеше тың жоба ұсынылады. Сондай-ақ  көпшілік телешоу тамашалап, белгілі сериалдың жалғасын көре алады.

Жаңа маусымда журналистік зерттеулер қайта оралады. Жоба авторы «бұл жолы да өткір мәселелерді қаузаймыз» деп отыр. Осы кезге дейін көрермен назарына зорлық-зомбылықтың құрбандары, құлдықта болған адамдар, өлімге әкеп соқтырған дәрігерлердің әрекеті туралы 40 шақты репортаж ұсынылды. 

Айгүл Әділова, журналистік зерттеу бөлімі жобасының жетекшісі:

- Қазір көрерменді өзімізге барынша сендіру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Яғни қалың көпшілік бізге хат жазып, өздерінің өткір мәселелерін айтса болады. Жобаның өзінің де ақпарат алатын арналары бар. Дегенмен, біз азаматтардың хатына айрықша мән береміз.

Алдағы сенбіде «XXI ғасыр көшбасшысы» оралады. Алғаш рет бұл жоба осыдан 22 жыл бұрын көгілдір экранға шыққан еді. Содан бері мыңдаған дарынды жас өз жолын тапты. Тұлға боп қалыптасты. 

Назым Кеулімжай, Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназияның оқушысы:

- Мен бұл сайысқа келген себебім – бұл жаңа мүмкіндіктер береді. Яғни Қазақстанның 14 облысынан жиналған оқушылар өздерінің білімдерін сынау арқылы түрлі білімін сынайды. Яғни бұл жоба білімділердің жарысы деп айтуға болады. Біз білмеген әлемнің сырлары өте көп. Білмеген сырларымды осы жарыстан білім өмірімде өзіме керек деп ойлаймын жаңа білген мәліметтерім.

«Келінжан» сериалын күтіп жүргендерге қуанышты жаңалық. Хабардан осы сериалдың үшінші маусымы көрсетіледі. Келіндер арасындағы бәсеке одан әрі қалай өрбиді? Мұның бәрін көп ұзамай «Хабардан» көре аласыздар.

Сенбі күні «Әке бақыты» аталатын бағдарлама да көгілдір экраннан көпшілікке жол тартады. Бағдарлама барысында эстрада өкілдері, белгілі әртістер өздерінің сырларымен бөліседі. Талғамы биік көрермен «Хабардан» бұдан өзге де талай тартымды дүниелерді тамашалай алады. 

Қорған Қонысбайұлы, Жарқын Мырзахан

Хабар 24 телеарнасы