425,73 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Берн мұражайында Орталық Азиядан әкелінген жәдігерлер сақталған

  • 165
  • UPD: 23:52, 07.09.2021

Берн қаласында ұлы даланың тарихи-мәдени мұрасын толықтыратын бірегей қолжазбалар мен фотодеректер сақталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

19-ғасырдағы қазақтардың саяси құрылысы, мәдениеті мен тұрмысын сипаттайтын «Шығыс коллекциясын» швейцариялық саяхатшы әрі дипломат Анри Мозер шаһарға сыйға тартқан.

19-ғасырдың екінші жартысында Орталық Азия мен Қазақстанға алыс Еуропадан бір қонақ төрт рет келген болатын. Өз сапарынан қақталған семсерлер, әшекейлер, ат әбзелі мен қолдан тоқылған кілемдердің жиынтығын әкелген. Саяхатшы түсірген фотосуреттерде сол дәуірдегі қазақ қауымының ақсүйектері бейнеленген. Арасында сол заманның ең белгілі әмірлердің бірі – сұлтан Баймұхамед бар. Зерттеушілердің пайымдауынша, Анри Мозерге ең құнды сыйлықты тап өзі табыстаған болуы мүмкін. Ал өз кезегінде швейцариялық дипломат 8 метрлік тұскиізді Берн тарихи музейіне сыйға тартқан. Онда хан-сұлтандардың, билер мен байлардың отыратын орындары нақты көрсетілген. Бұл сол кездегі қазақтардың саяси иерархиясынан, қоғамдық құрылымынан хабар береді. Алтын және күміс жіппен зерленген төрде хан отырған.

Албан Вон Штокхаузен, Берн тарихи мұражайының қызметкері:

– Тұскиіз - Мозердің «Шығыс коллекциясының» ең құнды бөлігі. Бұл ұлы даланың жоғары әскери қолбасшылары мен еуропалықтар арасындағы кездесулерде дипломатиялық миссияда қабырғаға ілінген кілем болған. Онда алтынмен жалатылған қақпалар бейнеленген. Кездесуге қатысушылардың артында ілінген кілем бойынша отырғандардың мәртебесін анықтауға болатын. Бұл құнды жәдігер Қазақстан мен аймақтағы өзге елдердің саяси, әскери мен әлеуметтік құрылымы жөнінде мағлұмат алуға мүмкіндік береді. Ол Орталық Азия тарихын көрсететін ерекше бір терезе сыңайлы.

Топтамадағы екі мың экспонат арасында сапалы фотосуреттер, карталар мен жәдігерлер, Алтын Орда хандары басқан теңгелер бар. Сондай-ақ сол замандағы қазақтардың тұрмысы жөнінде Мозердің күнделіктері, хаттары мен мақалалары сақталған.

Томас Паули-Габи, Берн тарихи мұражайының директоры:

– Мұражайымыз Берн тарихына арналған және мұнда қала мен кантонымыз үшін маңызды экспонаттар қойылған. Алайда жүздеген жыл бойы бізде Орталық Азия өнерінің бірегей коллекциясы сақталған. Музей үшін оның тарихи құндылығы өте жоғары. Қылыш, қанжар мен қарудың өзге түрлері,  сол өңірдегі тұрмыстық аспаптар мен керек-жарақтың көптеген заттарын қамтиды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Берн тарихи музейінде осындай құнды деректер тапқан қазақстандық ғалымдардың зертеулері нәтижесінде «Анри Мозер қорындағы Қазақстан тарихы мен мәдениеті жөніндегі қолжазбалалар мен артефакттар» атты кітап-альбом басып шығарылды. Бұл 472 беттен тұратын ағылшын, қазақ пен орыс тілінде жазылған басылым. Ал бүгін осы мұражайда  сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Швейцарияға сапары аясында Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, Берн тарихи музейі мен Берн университеті арасында келісімге қол қойылды. Әлі де толық зерттелмеген Анри Мозердің Шығыс коллекциясы 19 ғасырдағы Қазақстанның саяси құрылысының талай сырын ашуы мүмкін.

Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы