Елімізде ең алғаш құсбегілік музейін ашқан отбасы туралы не білеміз

Алматы облысының Нұра ауылында құсбегілік өнерін сақтап, оны ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келе жатқан өнегелі отбасы тұрады.

Отағасы Мұхаммед Исабеков ұлттық құндылықты насихаттауды өзінің өмірлік ұстанымына айналдырған. Бірнеше жыл бойы құнды жәдігерлер жинастырған ол 2003 жылы музей ашқан.

Мұхамед Исабеков – құсбегілікке қатысты елімізде ең алғашқы болып мұражай ашқан адам. Оның «Жеті қазына» деп аталатын шағын музейінде саятшылыққа қатысты жәдігерлер топтастырылған. Танымал құсбегілердің қолданған бұйымдары да қойылып отыр.

Мұхаммед Исабеков, құсбегі:

- Өте құнды жәдігерлер бар. Кезінде бір ауылды бүркітімен, тазысымен асыраған Әбіләкім Сұлтанқұлов, Есенаман атаның заттары бар. Одан кейін Тоқтасын ата, Молдажан ата, Айтбай аталардың жәдігерлері осында тұр.

Ата жолын жалғастырған Мұхаммед ағаның өзі де бүркіт баптайды. Оның қырандары құсбегілердің республикалық және халықаралық жарысында бірнеше рет топ жарған. Тіпті, Англияда өткен дүниежүзілік сайыста бас жүлдені жеңіп алды. Бүгінде саятшылық өнерді оның ұлдары да дәріптеп жүр.

Қуаныш Исабеков, құсбегі:

- Қасиетті құсбегілік өнері біздің әулетке Алланың берген сыйы деп ойлаймын. Бұлармен талай көк туымызды желбіреттік, шетелге шықтық. Құсбегілік біздің әулетке әулие Жалайыр Шора атты сыншы өзі бапкерден дарыған өнер.

Ұрпақ сабақтастығы сақталған әулетте құсбегілік өнерді енді немерелер үйреніп жатыр.

Мұстафа Исабеков, немересі:

- Әкеме ителгі, бүркіт ұстауды атам үйреткен. Ал әкем маған үйреткен. Мен өзім құсбегімін. Құсты бағуды жақсы көремін.

Мұхаммед аға мен Ботакөз апа алты баланы дүниеге әкеліп, бағып-қағып өсірді. Бүгінде олар ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, өскен өнген әулетке айналып отыр.

Ботакөз Көшкінова, М.Исабековтың жары:

- Қазіргі таңда 13 немереміз бар. Екі күйеубалам бар. Екі келінім бар. Келін үйдің берекесі керегесі деп тәрбие беріп отырмыз.

Ұлттық құндылығымызды сақтап, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп келе жатқан отбасыға көрші-қолаң дос-жарандардың құрметі ерен.

Алғазы Рахымбаев, М.Исабековтың досы:

– Мен 25 жылдан бері Мүлік Исабековпен араласып, бір нанды бөліп жеп келе жатырмыз. Мұхамедтің ерекшелігі, тектілігі, үлкенді сыйлау, кішіге үлгісі, басқаға бөліп бергісі келіп тұрады.

Исабековтар отбасы құсбегілік өнер арқылы қазақ халқының асыл дәстүрін, төл мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосып келеді.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев