«Қазақфильм» 30 жылда 600-ден аса туынды түсірген

Бүгін – Қазақ киносы күні, деп хабарлайды «Хабар 24».

80 жыл бұрын Алматы көркемфильмдер киностудиясы құрылып, отандық кино саласына жол ашты. Тәуелсіздік жылдары қазақ киносы жаңа кезеңге өтті. Көбі – деректі, көркем және анимациялық фильм.

Қазақ киносы 1938 жылы түсірілген «Амангелді» фильмінен бастау алады. Ресейлік «Ленфильм» киностудиясы таспалаған туындының сценарийі өзімізде жазылса, рөлдерді отандық актерлер сомдап шықты.Ал 1941 жылы Алматы көркемфильмдер киностудиясы құрылып, КСРО киносының орталығына айналды. Яғни соғыс жылдары «Мосфильм» мен «Ленфильм» Алматыда жұмыс істеді. Ал кино мамандары ұлттық кино Шәкен Аймановтан басталады дейді.

Баубек Нөгербек, кинотанушы:

- Ұлттық режиссурамыздың туындысы – Шәкен Аймановтың «Махаббат туралы дастан» фильмі. 1954 жылы экранға шыққан болатын. Және тура сол жылы тағы да «Дала қызы» фильмі Шәкен Аймановтың фильмі экранға шыққан болатын. Осы фильмдерден бастап толыққанды ұлттық кино тарихы бастау алады десек болады.

Өткен ғасырдың 60-70 жылдары қазақ киносының символына айналған Шәкен Айманов, Абдулла Қарсақбаев, Мәжит Бегалин және Сұлтан Қожықов сынды режиссердің қолынан шыққан қайталанбас туындылардың арқасында отандық кино танымалдылыққа ие болды. Қазақ киносының өткеніне риза көрермендер бүгінгі кино туралы ойларын айтты.

БЛИЦ:

- Қазақтың тарихын «Ертұғырылдай» түсірсе, қазақ жастарына патриотизм содан болады. Көңілден шыққаны – «Жаужүрек мың бала», «Томирис», бұрыңғы «Рекетир», соларды көремін.

Тәуелсіздік жылдары «Қазақфильм» киностудиясы 600-дей туынды таспалаған. Олардың арасында көркем, документалды және анимациялық картиналар бар. Жақында тағы 5 туындымен толығады. Соның бірі – Ақан Сатаевтың «Ұлы дала таңы» тарихи фильмі. Дегенмен қазіргі сұраныс комедия жанры екен. Өйткені кинотеатрға баратындардың басым бөлігі 13 пен 25 жас аралығындағылар. Ал салмақты дүниелердің уақыты алда дейді мамандар.

Айдархан Әділбаев, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ вице-президенті:

- Бізде мотивациялық фильмдер өте аз. Көрермендер негізінен батыстың мативациялық туындыларын көруге әдеттеніп алған. Біз осы саланы қолға алмақпыз. Мысалы, өзіміздің кәсіпкерлер, спортшылар, ғалымдар және басқа да сала мамандары туралы картиналар арқылы көрермендер нағыз батырдың жақында екенін түсінеді деп ойлаймын.

«Қазақфильм» ұжымы отандық кино күнін пандемияға байланысты қыркүйектің соңында атап өтеді. Сол кезде киностудия аумағындағы 30-дан аса адамның аты жазылған жұлдыздар аллеясы тағы 12 есіммен толығады.

Аршын Кемелжан, Нұрдәулет Жақсыбаев, Сержан Жұмабаев