425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешітінің бастапқы айшығы табылды

  • 68
  • UPD: 23:00, 15.09.2021

Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешітінің алғашқы айшығы табылды. Оны өткен ғасырдың 30-жылдары қызыл үкіметтің жендеттері мұнарадан атып түсірген деген дерек бар. Құнды жәдігер қазір белгілі өлкетанушы Ерлан Мұстафиннің қолында. Айшық осы күнге дейін қалай сақталды?

Шамамен екі ғасыр бұрын жергілікті ұстаның бірі жасаған бұл көне жәдігер қазір өлкетанушы Ерлан Мұстафиннің қолында. 1930 жылдары қызыл үкіметтің жендеттері мешітті қирату керек деген бұйрық шығарып, Имаш есімді кісі айшығын мылтықпен атып түсірген екен. Бірақ ол сол жерде жантәсілім еткен дейді. Бұл сұмдыққа куә болған жұрт жан-жаққа қаша жөнелгенде Сәдуақас Шәріпқажыұлы жерге құлаған айшықты алып үлгіреді. Содан бері Сәдуақас молда бұл жәдігерді көзінің қарашығындай сақтап, өмірінің соңына дейін жастығының астында жасырып келген. 

Ерлан Мұстафин, өлкетанушы:

- Ол үйге Ақжан әл Машани барып тұрады екен. Содан біледі екен осы айдың тарихын, мешіт айшығы сол үйде екенін. Содан ол кісі мешіт ашыларда, ол кезде ақсақал уже қайтыс болып кеткен айшықты сақтаған, Ақжан Машани бір туысына звандап, сендер барып алыңдар дейді. Мен де мешіттің ашылуына келемін дейді. Бірақ ол кісі келе алмады ғой деймін. Осы айшықты ілеміз қайтадан деген. Содан жаңағы туысы барып алады ана үйден, балаларынан рұқсат алып. Содан айшық жоғалады. 

Ерлан Мұстафин көне жәдігерді дәл сол айшықты соңғы рет алған ақсақалдың үйінен тапқан. Ол кезде қария қайтыс болып, балалары керек қылмапты. Айшық Қытайға жөнелткелі жатқан темір-терсектің арасында жатыпты. Жалпы тарихи деректерге сүйенсек, бұл мешіт өткен ғасырдың ортасында жатақхана, пионерлер үйі, қойма болған. Тіпті, 80-ші жылдары атқораға айнала жаздапты. Кейін Тәуелсіздік алған жылдары қайта түледі. 

Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:

- Қарқаралы уъезінде аға сұлтан болып басқарып тұрған кезінде Құнанбай 12 болыстың басын қосып осы мешітті салғызыпты. Бұл енді ол кісінің өз заманында жәй ғана шынжыр балақ, шұбар төс, алпауыт бай болып қана қоймай, оның халықтың рухани әлеміне де қатты көңіл бөлгендігін байқатады деп айтар едік. Құнанбайдың көзін көрген құнды жәдігер болып, тарихи бұйым болып есептеліп отыр. Бүгін соны қолымызға ұстап көріп, тәу етіп тұрған жайымыз бар.

Көне жәдігер әзірге өлкетанушы Ерлан Мұстафиннің қолында. Келешекте ол айшықты мешітке тапсыруды көздеп отыр.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы