Елордалық суретші майлы бояумен тағылымы терең картиналар салады

Президенттің биылғы Жолдауында өнер адамдарын қолдау туралы тапсырма беруі шығармашылық иелерін шын қуантты.

Бір елордаданың өзінде өмірін өнерге арнаған дегдар болмысты жандар аз емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солардың бірі – суретші Ғазиз Жұмабеков.

Назерке Тоғжан, тілші:

- Сурет салу Ғазиз Жұмабековке атадан дарыған. Бала күннен ермегі болған бекзада өнер бүгінде өмірінің мәніне айналды. Шебер майлы бояумен тағылымы терең картиналар салады. Аңырақай шайқасын көз алдыңызға әкелетін мына бір туындысы отыз жыл ішінде талай көрменің көркін қыздырды. Тек уақыт өте келе бояуы солғын тартты демесеңіз, мазмұны өміршең.

Ғазиз Жұмабеков, суретші:

- Мұнда айқын кейіпкер жоқ. Тарих бойынша мұнда Абылай ханның басқарғанын бәріміз білеміз.  Ескі иллюстрацияларды қарап отыратын болсаң, қылышпен бірінің басын шауып жатқан қан көрсету, көбінесе ол үлкен кісілермен бірге балаларда қарайды, жиіркенішті болмау керек деп есептеймін. Мынау өлең айтқанда әдемі шыққан сияқты, сурет те біркелі әсемдікке тәрбиелеу керек. Мысалы, мына менің картинамда қалмақ пен қазақтың соғыспай, жақындап келе жатқан сәті ғана тоқтатылып қалған да. «С птичего полета» дейді. Сондай бір жерден қарап тұрғандай болуы керек көрермен.

Шексіз тарихтың бір сәтін тоқтата алған суретші үшін басты мақсат – ұрпақ қажетіне жарар құнды дүние қалдыру. Ұшқыр қиялы мен епсекті қолына сенетін суреткер мұндайда әр деталға ерекше мән береді. Себебі тарихты бейнелеу де жауапты іс. «Қателесуге болмайды», - дейді ол. Мәселен, ғалым, жазушы Халифа Алтайдың жазбаларын арқау еткен мына бір картина азаттықтың ақ таңын қадірлеуге үндейді. Суретші жат жерде теперіш көрген Алтай қазақтарының аянышты тағдырын алты метрлік кенепке сыйдырған. Алайда көлемі тым үлкен болғандықтан көрмеге қойылмай, көрерменнің назарынан тыс қалып келеді.

Ғазиз Жұмабеков, суретші:

- Шығыс Алтай, Алтай қазақтары дейді. Қазір Шыңжаң өлкесі болып кетті. Кезінде қазақтар қысым көріп, Гималай тауы арқылы Үндістанға өтіп кеткен екен. Оны біреу білсе, біреу білмейді. Гималай тауынан қалай өтеді деген сияқты, одан өту мүмкін емес қой.  Халифа Алтай о кезде 5 жаста болған. Көрген білгенін мен суретке түсіріп, халыққа ұсындым. Ол жерден не үшін өткен тек қана тілімді, дінімді сатпаймын деп. Басқа ұлттың езгісінде қалмаймын деген өрен рух. Бос тұрған бесіктер бар, босап қалған бесікке асылған әжелердің суреттері бар. Бұрын қайтыс болып, көмілмей қалған, таспен жауып кете береді екен.

Қайыр хан, Отырардың күйреуі, Ақтау бекінісі. Қазақтың өткенін шығармашылығына өзек еткен хас шебер әлі талай оқиғаны қағазға түсіргісі келеді. Өйткені сурет елдің шежіресін ұрпақ жадында жаңғыртудың ең тиімді жолы. Алайда алқымнан алған індет пен тұрақты шеберхананың болмауы бұл жоспарға қолбайлау. «Сондықтан мемлекеттің өнер адамдарына қолдауы артса, тарихын танығысы келетіндердің де қатары көбейер еді», - дейді суретші.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Ерзат Зайтхан