Алматы облысында «Жамбыл» спектаклінің премьерасы өтті

Қазақтың біртуар ақыны – Жамбыл ауылында «Жамбыл» спектаклінің премьерасы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аудандық мәдениет үйінің ұжымы жыр алыбының 175 жылдығына осылай тарту жасады. Қойылымның өзіндік ерекшелігі бар. Шығармашылық ұжым Жамбылдың ақындық қырынан гөрі өміріне басымдық берген.

Мәдени шара Ұзынағаш ауылындағы Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Әрмен қарай көрермен орталық мәдениет үйіндегі жаңа спектакльді көруге асықты. Бір сағаттық қойылымда Жамбылдың жастық және қарттық шағындағы өмір қиындықтары суреттелген.

Рәтбек Терлікбаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, пьеса авторы:

- Басқа қырынан ашуға тырыстық, қазіргі заманның сипатына сай келетін дүниелерді қарастырдық. Естеліктерін, Жамбылдың өзінің шығармашылығын, айтыстарын, толғауларын әсіресе, мына Сапарғали Бегалиннің «Жамбыл хикаяты», мына Жұмабай Шаштайұлының «Жамбыл» деген үлкен кітабы, сол сияқты әдебиеттері, үлкен классиктердің естеліктерін пайдаландық қой.

Қойылымда Жамбылдың ақындық жолынан гөрі адамдық қырына басымдық берілген. Оқиға ақынның жас кезіндегі сүйгеніне жете алмаған махаббат жырынан басталып, қартайған шақтағы патша билігінің қазақтың мойнына салған қамыты мен соғыс жылдары суреттеледі. Ақынның өмірі арқылы қазақ халқының өткен ғасырдағы бастан өткерген қиындығы көрсетіледі. Қойылымды аудандық «Сүйінбай» театрының ұжымы сахналады.

Нұрлығазы Алтыбаев, актер:

- Жамбыл атамыздың рөлі оңай емес қой, ол қаншама көзден, қаншама сынмен қаралатын нәрсе. Сондықтан да қанша айтқанмен қобалжып тұрасың. Бала кезімде талай сайыстарға қатыстым, әртүрлі концерттерге қатыстым. Ол кезде Жамбыл атаның тақпақтарын оқимыз.

Алыстан ат арытып келген арнайы қонақтар мен аудан тұрғындары «Жамбыл» спектаклін жоғары бағалады. Актерлердің сахналық образдағы киімдері де театр ұжымының қолынан шыққан. «Аудандық театрдың осындай күрделі қойылымды көркем суреттеп шығуы – үлкен еңбек», - десті қонақтар.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев