426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Батыс Қазақстан облысында көне мешіттің орыны табылды

  • 182
  • UPD: 09:01, 23.09.2021

Батыс Қазақстан облысында «Ақмешіт» қорымынан көне мешіттің орыны табылды.

Ғалымдардың айтуынша, діни нысан осыдан жүз жыл бұрын қасақана қиратылған. Алайда ғимараттың іргетасы сақталыпты. Кейбір әдеби шығармалар мен ескі құжаттарда дәл осы маң сипатталады. Зерттеушілер мешіт төңірегі бұрын өркениет ордасы болған дейді.

- Мынау келіп тұрған жеріміз Ақмешіт қорымы. Төмендегі ақ мешітті бұзып, мына жердегі тастарды алып кеткен. 

Ақмешіт қорымы Шалқар көліне жақын орналасқан. Жақсыбай ақсақал зираттар кешенін сақтап қалуға және зерттеу жұмыстарына қолайлы жағдай жасауға ден қойған. Ол бірер жыл бұрын өз қаражаты есебінен маңайға баспана тұрғызып берді. Археологтар сол үйге жайғасып, емін-еркін төңіректі зерттеумен айналыса алады.

Жақсыбай Сейітқалиев, шырақшы:

- Шалқар өңірі деген зерттелмеген. Сондықтан мына жерге археологтардың да, тарихшылардың да қызығушылығы артып отыр. Оған жағдай да жасалып отыр. Бұрын деген келгенде далада жататын. Енді зерттейтін болса бір орын бар деп есептейміз.

Қазба жұмыстарын инновациялық технологиялар университетінің қолдауымен жергілікті тарихшы Мұрат Қалменов шәкірттерімен бірге жүргізді. Ғалым мешіттің табылуы кездейсоқтық емес екенін айтады. Ескі жазбалар мен құжаттарда діни нысан туралы көп кездескен көрінеді. Ғасыр бұрын бодандық қамытының кесірінен ғимарат қасақана бұзылған.

Мұрат Қалменов, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Ол саман және қызыл кірпіштерден тіктелген. Ал бірақ оның сырты ақ кірпіштермен, яғни фасад дейміз ғой, сонымен көмкерілген. Мүмкін сол сыртқы көрінісі ақ болғасын жергілікті халық бұл жерді «Ақмешіт» деп атаған болуы мүмкін. 90%-ке дейін алып кеткен кірпіштердің. Құрылысты бұзып. Жергілікті халықтың айтуы бойынша осы кірпіштерді Шалқар көлінің айналасындағы бір-екі ғимараттарға советтік кезеңде пайдаланылды деген сөздер бар.

Күйдірілген қызыл кірпіштермен қоса, керамика сынықтары да табылды. Ғалымдар материалдың үлгісіне қарап, мешіт шамамен 18-ғасырдың екінші жартысына тиесілі деген пікірде.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Көне мешіт ғимаратының ені 10 метр шамасында. Ал ұзындығы 27 метрге жуықтайды. Қабырғасының қалыңдығы 80 см. Әзірге мешіт орынының тек 30%-і ғана қазылған.

Мұрат Қалменов аумақта мешітпен қоса, 200 шақты құрылыс нысанының орны барын алға тартып отыр. Өзге де зиялы қауым өкілдері бұл болжамның шындыққа жанасатынына негіз барын жеткізді. Өйткені жазушы Хамза Есенжановтың «Ақжайық» трилогиясында кездесетін өркениет ордасы географиялық сипатталуы жағынан дәл осы тәңіректі меңзеп тұр.

Нұрлан Сәдір, журнал редакторы:

- Тап солай үзілді-кесілді мәлімдемегенімен мына қолда бар мәліметтер соған меңзейді. Себебі көрсетілген өзеннің орыны, т.б. соған сілтейді. Және бұл жерде Әбубәкір Кердері білім алған, осы жерде ілім жайған дейді бастапқы кезде. Сол жағынан құнды. Және бір қолда бар дерек бойынша облыста белгілі жалғыз орын деуге болады, әзірге ашаршылық құрбандары жерленген жер осы Ақмешіт қорымы. Бір шұңқырға көптеген адам жерленген.

Шалқар көлі мен Шолақаңқаты өзенінің арасы шаруашылыққа қолайлы екенін ескерсек, қалашық болғанына күмән келтіру қиын. Тасын түртсе тарихы төгілген төңірек әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Қазба жұмыстары уақытша тоқтатылды. Қалғаны алдағы жылдардың еншісінде. Археологтар тағы да құнды жәдігерлер табылатынына сенімді. Келешекте қорымды ашық аспан астындағы мұражай қылса, тарих пен туризмді тоғыстыруға болатынын тілге тиек етті. 

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы