Қазақ еліне YouTube арқылы қызығушылық тудыртқан қос блогер елімізге келді

Қазақта талантты жастар көп және қазірдің өзінде олар төрткүл дүниені мойындатып тастады.

Ресейлік блогерлер осындай пікір білдірді. Ютубтағы «Алға Петербург» арнасының авторлары елімізге келіп, танымдық бейнероликтер түсіріп жүр. Иван Червинский мен Александр Карельский іссапар аясында біздің Агенттікке де соғып, Басқарма төрағасы Ерлан Бекхожинмен кездесті. Бұған қоса ресейлік блогерлер отандық телевизияның тыныс-тіршілігімен танысып, «Хабар» арнасында тікелей эфирде шығатын «Бүгін» бағдарламасына қатысты. Іштегі тілшілермен тілдесті. Екі жақты әріптестік туралы сөз қозғады.

Айта кетейік, бұл блогерлер Қазақстан туралы 3 мыңға жуық бейнежазба жариялады. Материалдың 75 проценті Димаштың шығармашылығы туралы. Олардың қазақ еліне деген қызығушылығын да осы әнші оятқан. Соның арқасында қазір 140 мыңнан аса оқырманы бар және басым бөлігі өзіміздің жерлестер. Бұған қоса ТМД және Латын Америка елдерінен көрермен көп дейді. Енді алдағы уақытта Димаш туралы көркем фильм түсіргісі келеді. Бұған қоса, басқа да жастарымыз туралы ізденісті жалғастырып, оларды кеңінен танытуды көздейді.

Иван Червинский, блогер:

- Қазақ жастары қазір өте белсенді. Олар музыка болсын, кино болсын, спорт болсын, барлық салада өздерін керемет қырынан көрсетіп, бүкіл әлемге танылып жүр. Мәселен, Иманбек мықты диджей екенін дәлелдеді. Ал Димашқа вокал саласында тең келер ешкім жоқ. Американың Президентімен немесе Илон Маскпен жұмыс істейтін қазақ жастары бар. Біз соларға тәнтіміз. 

Александр Карельский,  блогер:

- Біз бұған дейін 10 күн Алматыда болдық. Адамдары мейірімді. Қаланың өзі керемет. Жергілікті жастармен бірқатар кездесу өткіздік. Ерекше қабілеті бар өрендер көп. Жақсы әсер алдық және арнамыздың жұмысын осы бағытта жалғастыра береміз.