«Бабалар ізімен» экспедициясы Ресейде

«Бабалар ізімен» ғылыми экспдициясы ұзақ үзілістен кейін шет мемлекеттерге сапарын қайта жалғады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолғы бағыт - Ресей Федерациясы. Көршілес жатқан бұл елмен тарихи байланыс өте көп.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Бородино даласы. Мәскеудің батыс жағында шамамен 125 шақырым жерде жатыр.  Ел астанасына апаратын күре жолдың бойында. 1812 жылы сол кездегі Ресейдің бірталай жерін басып алған Францияның әйгілі императоры Наполеон Бонапарт бірінші осы бағытпен Мәскеуге бет алады. Ал қолбасшы Кутузов бастаған Ресей армиясы Бородино даласына бекініп, жауға тойтарыс беруге дайындалады. Тарихи деректерге қарағанда бұл соғысқа қос тараптан 260 мыңдай әскер қатысады. Олардың ішінде біздің бабаларымыз да болған. Оны айғақтары өңірдегі «Бородино» музей-қорығында сақтаулы тұр.

Анна Хватова, «Бородино» музей-қорығының қызметкері:

- Біздің музейдегі ең құнды жәдігердің бірі мына мамлюк қылышы. Тарихтан белгілі Наполеон Бонапарттың жеке күзеті тек мамлюк сарбаздарынан құралған. Ол 1798 жылы Мысырға жасаған жорығынан кейін жеке құрамға мамлюк жауынгерлерін іріктеп үнемі өзімен алып жүрген. Бұл экспонат Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылды. Сондықтан музейдегі ең құнды әрі ескі жәдігерлердің бірі саналады.

Франция әскерінің құрамында мамлюктердің, оның ішінде Дешті қыпшақ даласынан шыққан жауынгерлердің болғанын айғақтайтын бірнеше дәлел бар. Соның бірі - Екінші дүинежүзілік соғыстан кейін жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесі. Бұл туралы Олжас Сүлейменов өзінің «Аз и я» деген кітабында жазды.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

- Қазған жердің астынан екі сүйекті алып шығады. Олардың үстіне қараған уақытында француз әскерлерінің мундирлері. Бірақ екеуінде де басқа тағы киімдер болған. Мамлюктердің киімдері. Ол кісілердің сүйегін тексере келген уақытында екеуінің де қолынан жүзік шыққан. Екуінде де тура осындай жүзік. Содан кейін барып білген. Олар қыпшақ тұқымынан шыққан. Өйткені мынау белгі, тек қыпшақтар ғанап осындай белгімен жүреді.

Бородино даласындағы соғысқа бабаларымыз Ресей армиясы тарапынан да қатысқан. Оны өңірдегі музей қорында сақталған мына суреттер айғақтайды. Экспонатта Ресей императоры Александр I мен Наполеон Бонапарттың кездесу сәті бейнеленген. Онда Ресей патшасы Наполеон Бонапартқа өз өз жауынгерлерін таныстырып жатқан көрінеді. Олардың құрамында қазақ, калмык және башқұрттар болған.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

- Тарихқа келетін болсақ, Александр I қазақтың хандарына хат жазған. Осындай көмекке сіздер сарбаздар жіберіңіздер деп. Оған қазақтың үш жүзінен 80-90 мың сарбаз жиналып атпен шыққан уақытында оларға башқұрттар да кіріседі. Сонда Мәскеуге келгенде 90 мыңның сырытда қолмен келеді. Француздар қазақтардың, башқұрттардың ерлігін өте жоғары деңгейде болғанын айтады. Өйткені олар соғысқа шыққан уақытта қиқулап шығады. Ұрандап шығады, бабаларының атын айтып, айқайлап шығады. Француздар олардан қорыққан.

Мәскеуді қорғау үшін батыр бабаларымыздың жаудың жүрегіне үрей ұялатып, тойтарыс берген кезі жалғыз бұл емес. Екінші дүниежүзілік соғыста да дәл осы Бородино даласына жақын жердегі Волоколам тас жолында қанды қырғын болды. Ал Волоколам тас жолын дегенде, әрине, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының ерлігі еске түседі. Оны тікелей ұрпағы біз ғана емес, орыс халқы да мойындайды, құрметтейді. Сондықтан даңқты бабамыздың ескерткішін Волоколам қаласындағы батырлар аллеясының төріне орналастырған.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

- Волоколамское шоссе ол Мәскеуге тура жол алып баратын. Егер сол Волоколамское шоссені дұрыс қорғай алмаған жағдайда немістердің танктері бірден Мәскеуге шығатын еді. Сондай бір стратегиялық бағыттардың біреуіне біздің бабамыз Бауыржан Момышұлының батальоны қойылды. Сол кезде батальонды 3-4 рет қоршаудан алып шығу аман-сау күллі құралдарымен. Ол әркімнің қолынан келе бермейтін нәрсе. Сондықтан ол кісінің соғыс тактикасы қазірге дейін кейбір шет елдердің оқу орындарында әскерилерді дайындайтын, сонда сабақтың пәндеріне кіргізеді екен.

Валерия Полянчикова, «Мәскеу гид-аудармашылар» одағының мүшесі:

- Круков ауылындағы соғысты 1812 жылғы Бородино шайқасымен салыстырған генерал Рокосовский: «Егер 28 панфиловшы фашистердің танкіне тойтарыс бермегенде Екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесі мүлде басқаша болуы мүмкін еді» дейді. Расында сол қарсылық болмағанда немістер Мәскеуге басып кірер еді. Сондықтан бұл жауынгерлердің ерлігі жұрттың жадында мәңгі сақталды.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- 1941 жылдың қарашасында Волоколамск қаласының іргесіндегі дәл қазір Дувасевск елді мекенінде де кескілескен ұрыс болды. Бұл жерде жауға қарсы Алматыда құрылған 316-шы дивизияның 28 панфиловшысы қасқая қарсы тұрып тойтарыс берді. Олардың арасында біздің бабаларымыздың болғаны да даусыз. Ел үшін аянбаған ерлердің есімі ел есінде мәңгі сақталмақ.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Қуаныш Қожабеков