Әлемді бағындырған Әлім

Қазақстандық музыкант Англияның Лидс қаласында өткен әлемге әйгілі байқауда бас жүлде жеңіп алды.

23 жастағы пианиношы Әлім Бейсембаев үш жылда бір рет ұйымдастырылатын халықаралық өнер додасында топ жарды. Осылайша ол әлемнің түкпір-түкпірінен келген пианистерді шаңқаптырды. Жапониялық өнерпаз екінші, израильдік – үшінші орынды місе тұтты. Бас жүлде Фанни Уотерман атындағы алтын медаль.

Уотерман – 20 жылдық тарихы бар байқаудың негізін қалаушы әлемге әйгілі пианист. Өткен жылы 100 жасқа келіп, қайтыс болды.

Медальдан бөлек Әлім 25 мың стерлинг фунты көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды және ең бастысы Warner Classics музыкалық лейблымен келісімшартқа отырды. Еуропа бойынша турға шығу мүмкіндігі тағы бар.

Әлім Бейсембаев, байқау жеңімпазы:

– Бізге шамамен кемінде 300-350 минуттай репертуармен қатысу керек болды. Орындалатын шығармалардың көлемі көп болғандықтан өте қиын байқаулардың бірі саналады. Жеңісімнен кейін Уорнер Классикс лейблы күні кеше менің жеке альбомымды басып шығарды. Оны Эппл Мьюзик және Спотифай қосымшалары арқылы тыңдауға болады.

Әлім фортепианода 5 жасынан ойнайды. Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мектепте, Жәния Әубәкірова және Мәскеудегі Чайковский атындағы консерватория жанындағы мектепте оқыған. 12 жасынан бастап, Англиядағы жас музыканттарға арналған Перселла мектебінде, 18 жастан Музыкалық Корольдік академиясында атақты педагог Тесса Николсонның қолында тегін білім алған.

Әлім Бейсембаев, байқау жеңімпазы:

– Ата-анамның өнерге қатысы жоқ. Мен үйдегі жалғыз музыкантпын. Ол кісілердің айтуынша, кішкентай кезімде дүкенге барғанымда шағын ойыншық пианино таңдап алыппын. Содан бері фортепиано менің өмірлік серігіме айналды.

Әлім қазір Лондондағы Корольдік музыкалық колледжде магистратурада оқиды. Қазақстандық өнерпазға деген сұраныс өте жоғары. Ірі концерттер беріп, еуропалық көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Ол туралы шетелдік басылымдар да жарысып жазып жатыр. Әлім әлемдік турға шыққан уақытында туған жерінде де өнер көрсетуді армандайды.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы