425,63 492.05 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Алматыдағы аялдамаға «Қазақ радиосы» атауы берілді

  • 135
  • UPD: 23:45, 27.09.2021

Биыл ұлттың үнжариясы «Қазақ радиосына» 100 жыл толды. Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы бастамасымен, республикалық Қазақ радиосы тұңғыш рет 1921 жылы 1 қазанда Орынбор қаласынан хабар таратқан еді. Бүгін мерейтойға орай радионың Алматы қаласындағы ғимаратында мемориалдық тақта ашылып, сол маңдағы аялдамаға «Қазақ радиосы» аты берілді.

Қазақтың қара шаңырағы «Қазақ радиосының» мерейтойына радиода әр жылдары өнімді еңбек етіп, елдің ықыласына бөленген мәдениет қайраткерлері, ардагер дикторлар, журналистер жиналды. «Радио үйі» ескерткіш тақтаның ашылуында профессор Намазалы Омашев радионың тарихына тоқталып, ақын Жүрсін Ерман жүрекжарды тілегін жеткізді.

Жүрсін Ерман, ақын:

- Білем сенсіз таң атып күн шықпасын. Үйірілсін үйіңе ұршық басым. Алматы, Астанадан сөйлеп тұрған қазағымның дауысы тұншықпасын. Амандығын елімнің баяндасақ. Ішпей-жемей дауысыңа тоям ғажап. Радиодан Әнұран құйылғанда ұйқың шайдай ашылсын. Оян, қазақ! 

Ғасыр бойы қара орман халықты таңмен бірге оятып, қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан радиода әр жылдары Әміре Қашаубаев, Ахмет Жұбанов, Шәкен Айманов, Әнуарбек Байжанбаев, Шәмші Қалдаяқов, Мұқағали Мақатаев, Ермек Серкебаев сынды біртуар тұлғаларымыз қызмет етті. Солардың дауыстары мен шырқаған әндері «алтын қорда» сақтаулы.

Енді ғимарат алдындағы аялдамада автобус күткен тұрғындар «Қазақ радиосы» мен «Шалқарды» тыңдайды. Бүгіннен бастап Желтоқсан көшесіндегі бұл аялдама «Қазақ радиосы» деп аталады.

Қымбат Әбілдәқызы, «Қазақ радиосының» ардагері:

- Бүгін жүрекжарды қуаныш. «Қазақ радиосы» бұл ұлттың үні. Бұл кешегіміз, бүгінгіміз, ертеңіміз «Қазақ радиосы». «Қазақ радиосынан» біздің түріміз көрінбесе де бүкіл жүрегіміз көрінетін.

100 жылда радионың бай мұрасы жинақталды. Жүз мыңдаған әдеби-сазды бағдарлама миллиондаған тыңдаушының көңілінен шықты. «Алтын қор» радионың негізгі байлығы. Сол мол мұрағат сұрыпталып, цифрландырылып келеді.

Бақыт Жағыпарұлы, «Қазақ радиосы» Алматы бюросының жетекшісі:

- Есеп бойынша 95 процент қазақ даласына «Қазақ радиосы» тарайды. Кейбір елді мекендерге тарамайды. Яғни ол облыстарда, аудандарда радиопередатчиктерді ауыстыру керек. Оған тек ғана радио қызметкерлері болмаса министрлік ғана міндетті емес. Сол радионың жұмысын жақсартуға, елдің ішіне таратуға аймақтардағы облыс әкімдіктері, мәдениет басқармалары да көңіл аударса ол болашақта шешілетін мәселе. 

Бүгінде «Қазақ радиосы» қоғамның барлық саласын қамтып, елдің ахуалын, ұлттық ой-сананы, мәдениет пен әдебиетті, әдет-ғұрыпты, қазақы болмысты сөз етіп, қазақ тілінде хабар таратады. Мерейтойлық шара барысында Ұлттық кітапханада радионың тарихына арналған көрме ұйымдастырылды.

Алмас Садуақас, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы