426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Кембридж университетінде «Ұлы дала алтыны» көрмесі ашылды

  • 116
  • UPD: 10:36, 28.09.2021
Кембридж университетінде «Ұлы дала алтыны» көрмесі ашылды

Кембридж университетінің Фицуильям мұражайында «Ұлы дала алтыны» көрмесі ашылды. Оған Шығыс Қазақстан облысындағы ежелгі сақ қорғандарынан табылған алтын артефактілер қойылды.

Бұл біздің дәуірімізге дейінгі VIII-III ғасырларда Орталық Азияда, атап айтқанда Қазақстанның Алтай тау жүйесінде үстемдік еткен скиф өркениетінің жәдігерлері, сақ қорғандарынан табылған құнды дүниелер. Көрмеде Берел, Шілікті және Елеке Сазы сияқты үш түрлі қорымнан шыққан жүзге жуық археологиялық олжалар қойылған. Экспозиция ежелгі сақтардың көшпелі мал шаруашылығы, тау-кен өндірісі және металлургия салаларында бірегей мәдениеті мен терең білімі болғанын көрсетеді. Бұл кезеңді ежелгі қазақтар тарихындағы «алтын ғасыр» деп те атайды. Ең бағалы экспонаттардың бірі – киімдері 15 000 алтын заттан тұратын «Алтын адам».

Люк Сайсон, Фицуильям мұражайының директоры:

– Бұл Ұлыбританияға және әлбетте, бүкіл әлемге Қазақстанның ежелгі мәдениетін танытуға арналған ерекше мүмкіндік. Меніңше, бұл жаһан тарихын қайта жазатындай тарихи жағдай. Ішіне талай сырды бүккен археологиялық қазбаларды зерттей отырып, біз талай ғылыми жаңалықтарды бірге ашамыз деген ойдамын.

Шығыс Қазақстан және Фицуильям мұражайы арасындағы әріптестік көпірі бұған дейін орнағаны белгілі. Отандық археологтар қорғандардан табылған жәдігерлерді британиялық әріптестерімен бірге зерттеп келеді. Кембридж университеті жанындағы Макдональд археологиялық зерттеу институтының ғалымдары жаңа инвазивті емес технологияларды қолдана отырып, бірегей артефактілердің құпияларын ашып жатыр.

Ребекка Робертс, көрме кураторы:

– Біз микроанализдер жасайтын боламыз. Заманауи микроскоптың көмегімен ежелгі сақтардың қандай технологиялар пайдаланғанын және қолөнер бұйымдарын қалай жасағанын зерттей аламыз.

Бірегей алтын артефактілердың еуропалық аудиторияға бұл алғаш рет ұсынылуы. Оларды британиялық бұқаралық ақпарат құралдары халықаралық археологиялық сенсация деп атап, шара туралы жарыса жазып, таспаға түсіріп жатыр. Көрмеге кіру тегін. Экспозиция Фицуильям мұражайында келер жылдың 30 қаңтарына дейін өтеді.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы 

Хабар 24 телеарнасы