Кембриджде «Ұлы дала алтыны» көрмесі ашылды

«Ұлы дала алтыны». Дәл осындай атаумен Кембридж қаласында айрықша көрме ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда Шығыс Қазақстан облысындағы түрлі қорғандардан табылған көшпелі сақ тұрмысынан хабар беретін жәдігерлер қойылған. Рухани жаңғыру бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылған шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналды. Мақсат – ежелгі сақ мәдениетін насихаттап, екі ел арасындағы ғылыми байланысты нығайту.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің Фицуильям мұражайында ине шаншар жер жоқ. Еуропалықтарды еліктірген «Ұлы дала алтыны» көрмесі. Олар Шығыс Қазақстандағы Берел, Елеке сазындағы қорғандардан табылған археологиялық экспонаттарды тамашалады. 15 мыңнан астам жәдігер ішінде шаруашылық және тұрмыстық заттар мен алтын әшекейлер қойылған. Ең көрнектісі киімінде 15000 алтын бұйымы бар «Алтын адам».

Люк Сайсон, Фицуильям музейінің директоры:

- Бізге мұндағы нәзік те ғажап туындылар таңсық мәдениетке терең үңілуге мүмкіндік береді. Кембридж үшін бұл Қазақстандағы археологиямен, туризммен, мәдени мұрамен танысу жолы. Сондықтан осындай көрменің біздің мұражайда ашылғанына ерекше ризамын.

Көрмеге қатысушылар жәдігерлерді қолдарымен ұстап, көздерімен көрді. Таңданыстарын жасырмады. Тіпті британдық  ғалымдар археологиялық қазба жұмыстарына қатысуға ниет білдірді.

Зейнолла Самашев, археолог, тарих ғылымдарының докторы:

- Біздің мәдениетке деген қызығушылық туғызады бір жағынан ғалымдар тарапынан. Жай қарапайым халық осындай мәдениеттің сонау кіндік Азиядағы ошақтары бар екенін өздерінің көзімен көріп, біліп отырады.

Шынымен де аталған көрме Ұлы дала елі мен Ұлыбритания арасындағы ынтымақты бір белеске көтерді. Оның үстіне ежелгі сақ тарихы туралы еуропалықтардың танымын өзгертті.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

- Экпозиция біздің ата-бабамыздың биік талғамын көрсетеді. Ежелгі сақтардың мал және өсімдік шаруашылығын, тау-кен саласын, қолөнер шеберлігін аса жоғары деңгейде игергенін дәлелдейді.

«Ұлы дала алтыны» көрмесі Фицуильям мұражайында жыл соңына дейін жұмыс істейді.

Авторы: Эльмира Ахметова