Қазақстандық дизайнер Миландағы сән апталығына қатысты

Италияның Милан қаласында жоғары сән апталығы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Байқауда әлемнің ондаған сән үйі 2022 жылдың көктем мен жазына арналған киім үлгілерін ұсынды. Арасында қазақстандық дизайнерлер де болды. Еуропалық көрермендер неофольклор үлігісінде жасалған сәнді киім коллекциясымен танысты. Тараз қаласының дизайнері қазақ халқының көпғасырлық дәстүрлерін заманауи мода ағымдарымен керемет үйлестірген. Киімдерінде қазақ оюлары мен кестелерін байқауға болады. Модельдер Құрманғазы күйлерінің сүйемелдеуімен подиумға шықты. Қазақстандық делегация Жамбыл облысының туристік әлеуетіне арналған көрме де өткізді.

Жалғас Мұртаза, Жамбыл облысы әкімдігі Туризм басқармасының жетекшісі:

- Еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өңір басшысы Бердібек Машбекұлының қолдауымен қазақстандық бренд Милан қаласында өтіп жатқан әлемдік сән апталығына қатысуда. Аталған сән апталығының аясында Жабыл облысының туристік әлеуетін арттыру, Еуропа елдеріне жарнамалау мақсатында көрме ұйымдастырдық. Аталған іс-шараның Еуропа мемлекеттерімен туризм бағытында қарым-қатынас орнатуға және де өңіріміздің туристік әлеуетін одан сайын арттыруға өзінің септігін тигізеді деп ойлаймыз.