Ташкенттегі кинофестивальға Митхун Чакраборти келді

Араға 24 жыл салып Ташкент халықаралық кинофестивалі қайта жанданды. Соңғы рет 1997 жылы өткізілген ауқымды шараны сағынған жұлдыздар көп болғаны соншалық – Өзбекстан астанасына әлемнің 40-қа жуық кино жұлдыздары арнайы ат басын бұрды. Араларында Стивен Сигал, Франко Неро, Митхун Чакраборти сынды танымал актерлар бар. 

Риат Шони, тілші:

- Қызыл кілем, Голливуд, Болливуд және ТМД елдері киноларының жұлдыздары. Бұл Ташкент халықаралық кинофестивалі. Әлем жұлдыздарының басын қосқан ауқымды шара араға 24 жыл салып, Өзбекстан астанасында қайта жаңғырды.

«Жібек жолы маржаны» аталған Ташкент халықаралық кинофестивалі осымен 13-мәрте ұйымдастырылып отыр. Сонау 1968 жылы бастау алған ауқымды шара соңғы рет 1997 жылы өткізілген. Кейін ұзақ уақыт бойы үзіліс болып, биыл қайта ашылды.

Фестивальге әлемнің 40-қа жуық кино жұлдызы арнайы келді. Арасында көпшілікке таныс Стивен Сигал, Франко Неро, Митхун Чакраборти сынды актерлер бар. Үнді фильмдерінің жұлдызы Ташкентте жүріп, Қазақстан жайлы да жылы естеліктерін есіне алды.

Митхун Чакраборти, киноактёр:

- Мен Қазақстанда бір рет болғанмын. Керемет мемлекет. Сіздердің Президентіңізбен өткен шараға қатысқан едім. Халқы қонақжай елге тағы бір баруды армандап жүрмін.

Халықаралық кинофестивальде жергілікті жұртшылық қазақстандық жұлдыздарды да жылы қарсы алды. Ел атынан Ташкентке Нұржұман Ықтымбаев, Самал Еслямова, Берік Айтжанов сынды майталмандар барды. Қазақстандық делегацияны танымал кинорежиссер Ақан Сатаев бастады.  

Айдархан Әділбаев, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ вице-президенті:

- Қазақстаннан 10-12 адамдай келдік. Іс-шара барысында жұртшылық назарына оншақты кинотуындыны ұсынатын боламыз. Қыркүйектің 29-ы қазақ киноларының күндері ашылады. Тағы біз «Өзбеккино» ұлттық агенттігімен әріптестік жөніндегі меморандумға қол қоямыз деп жоспарлап отырмыз.

Нұржұман Ықтымбаев, Қазақ КСР-інің халық артисі, киноактёр:

- Біз сағынып жолыққан нәрсеміз ғой бұл фестиваль. Өнер адамдарына бұл деген бір-бірімен араласу, құшақтасып көрісу, пікірлесу, тәжірибе алмасу. Мынау Ташкентте 20 жыл бойы тоқтап қалған дүниесі ғой. Совет үкіметі кезінде біз келгенбіз бұнда. Содан кейін сағындық, не болды, қалай болды деп. 

Жалпы Ташкент халықаралық кинофестивалі қазанның 3-іне дейін жалғасады. Бір апта ішінде әлемдік кинолар күні аясында 14 мемлекет өздерінің төл туындыларын көрсетеді. Бұл шарада жергілікті жұртшылыққа қазақстандық делегация «Анаға апарар жол», «Әміре», «Оралман», «Аманат» сынды отандық киноларды ұсынбақ. Мұның сыртында жас режиссёрлер 5 күн бойы қысқа метражды фильм түсіріп, өзара сайысқа түседі. 

Риат Шони, Санжар Шатуляганов