Ташкентте қазақ киноларының көрсетілімі басталды

Ташкент кинотеатрлары қазақ киноларын көрсете бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өзбекстандағы халықаралық кинофестиваль аясында «Аманат», «Әміре», «Күлтегін», «Оралман», «Конокрады» сынды отандық туындылар көрсетіледі. Бүгін шараның алғашқы күні Ташкент тұрғындарына белгілі режиссёр Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» атты киносы ұсынылды. Көрсетілімге фильмде рөлдерді сомдаған Берік Айтжанов, Азамат Сатыбалды, Аружан Жазылбекова сынды актёрлер мен актрисалар қатысты. Шара барысында қазақстандық делегация өзбек бауырларға әйгілі актер, режиссер Шәкен Аймановтың кинолар жинағын сыйлады.

Ақан Сатаев, Ш.Айманов атындағы «қазақфильм» АҚ президенті, режиссер:

- Өзбек халқы жылы ұшырап қарсы алды. Бауырлас ел екені сезіліп тұр. Сондықтан осы фестивальге келгенімізге қуаныштымыз. Шара аясында біз бірнеше меморандум жасастық. Бұл келісімдер өз жемісін беріп, өзара әріптестігіміз арта түседі деп сенемін.