«Жарық» қысқаметражды фильмінің тұсаукесері өтті

Ғұмырын театр сахнасын жарықтандыруға арнаған қарияның тағдыры. Халықаралық қарттар күніне орай, EL ARNA телеарнасының шығармашылық ұжымы «Жарық» атты қысқаметражды фильмнің тұсаукесерін өткізді. Көркем шығарманы алғашқы болып «Шарапат» әлеуметтік орталығының тұрғындары мен мекеме қызметкерлері тамашалады.

«Жарық» шағын көркем фильмнің басты рөлін еліміздің еңбек сіңірген әртісі Асылболат Смағұлов сомдаған. Қоюшысы – EL ARNA телеарнасының режисері Нұржан Сәлімов. 20 минуттық көркем туынды жасты да, жасамысты да бей-жай қалдырмайды. Киноның тұсаукесері «Шарапат» әлеуметтік мекемесінде ұйымдастырылғаны да тегін емес. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шынайылығына баға беретін көрермен дәл осы орталықта шоғырланған.

Азамат Сағат, EL ARNA телеарнасының редактор-журналисі:

– Фильмнің негізгі идея авторы – өзіміздің EL ARNA арнасының директоры Камила Асқарқызы. Ол кісі осындай мәселені көтерейік деген ұсыныс айтты. Біздің мақсатымыз –  қоғамдағы әлеуметтік мәселені көтеру.

Халықаралық қарттар күніне арналған мәдени шараға әлеуметтік мекеменің 100 қариясы қатысты. Кинозалға жиылған қадірменді көрерменге қазақ эстрадасының әйгілі өкілдері әннен шашу шашты.

Айта кетерлігі, EL ARNA телеарнасының ұйытқысымен өткен шараға «R&S MEDIA» серіктестігі мен құрылыс саласының одағы демеуші ретінде тартылған.

Адель Сағындықова, «R&S MEDIA» ЖШС директоры:

– Бізді осы шараға демеу көрсетуге шақырған кезде бірден келісімімізді бердік. Осындай шақырту алған сәтте бұл іске үлес қосуға мүмкіндік алғанымызға қатты қуандым. Жеке өзім үшін бұл алғашқы тәжірибе болды. Мұндай іс-шараға енді дәстүрлі түрде атсалысатын боламыз.

Мерекелік іс-шара соңында қариялардың тұрағына айналған мекемеге теледидар тарту етілді. Сондай-ақ қариялардың әрқайсысына атаулы сыйлықтар табысталды.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ерлан Наурызбаев