«Бабалар ізімен» экспедициясы: Ресейдің алғашқы думасына 4 қазақ сайланған

«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Ресейдің мәдени астанасы Санкт-Петерборда, деп хабарлайды «Хабар 24».

1712 жылдан 1918 жылға дейін бұл шаһар Ресей империясының бас қаласы болған. Яғни сол уақыттағы зиялылардың оРдасы. Сол ортада біздің бабаларымыз да жүрді. Осында білім алды, еңбек етті. Империя тарихына, өз атын қалдырды.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

– 1890 жылы Омбыдағы техникалық училищені үздік бітірген Әлихан Бөкейхан сол кездегі Ресей империясының астанасы Санкт-Петербор қаласынадағы Орман шаруашылығы институтының «экономика факультетіне» оқуға түседі. Осы оқу ордасының қабырғасында білім алады. Дәл қазір мен отырған орындықта отырып, білімін тереңдеткен болуы да мүмкін. Осы университет қабырғасында жүріп Әлихан Бөкейхан саяси белсенді жастармен араласып, көзге түседі.

Іргелі университетте талай тұлғаның танымы кеңіп қанаты қатайды. Ағаштан кесілген мына қалың парталар соның жансыз куәсі. 300 жыл өтсе де бәз баяғы қалпында сақталған. Оқу орнында танымал шәкірттердің де есімі ұмытылмапты.

Ирина Нефёдева Киров, атындағы орман шаруашылығы университеттің экономика бөлімінің басшысы:

– Университет Әлихан Бөкейхан сынды шәкірттерін мақтан тұтады. Ол бұл жерде экономикамен қатар ұлтқа, адамзат баласына қызмет ету бағытындағы білімін жетілдіре түсті. Оның осы оқу ғимаратында жиған білімі мен тәжірибесі кейін өзінің ғана емес шалғайдағы елінің тағдырын өзгертуге үлкен себеп болды. Ол «Алаш» қозғалысын құрып, тың бастамалар көтерді. Бірақ ұлты үшін жасаған осы істері сол кездегі билік саясатына қарсы еді. Сондықтан репресияға ұшырап атылды.

Кейбір тарихи деректерде «Алаш» көсемі Әлихан Бөкейхан орман шаруашылығы университетімен қатар Санкт-Петербордағы императорлық университетінің жедел оқу курсында білім алғаны айтылады. Бірақ оқу орнының қабырғасында мұндай құжат табылмады. Есесіне 1910-1914 жылдары мұнда Түркістан уәләятының көсемі Мұстафа Шоқайдың оқығаны анық. Әлихан Бөкейхан оны өзіне жақын тартып, жергілікті зиялы қауымға сіңісуіне жол ашқан.

Дмитрий Обсяников, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті тарих бөлімінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты:

– Императорлық университеттің заң факультетін тәмамдап, Еуропа стандарттарына сай жоғары білім алған Мұстафа Шоқай саясатқа белсенді араласады. Оны төңкеріс жасау төңірегіндегі және Түркістан автономиясын құру бағытында атқарған жұмысынан білесіздер. Ал Әлихан Бөкейханның мұнда оқығаны туралы жалпы ақпарат бар. Бірақ университет архивіндегі құжаттарды ақтарып, түлектердің тізімінен оның есімін таба алмадым. Бұл мұқият зерттеуді қажет етеді.

Ал бұл – Ресей империясы мемлекеттік думасының алғашқы жиыны өткен Таврический сарайы. 1906 жылдың 27 сәуірінде осы жерде халық сайлаған заң шығарушы орган мен үкімет мүшелері алғаш рет бетпе-бет отырды. Империя бұратана халық санаған қазақ, қырғыз және өзге ұлттардың құқығын көтеруге қатысты талай мәселе қозғалады. Депутаттардың арасында қазақ халқының атынан сайланған төрт азамат болды.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

- Убайдулла Жәңгірів – бірінші Қазақстаннан шыққан генерал-майор кавалерий. Кезінде ол кісі де осы мемлекеттік думаны қалай орнату ретіндегі заңға қатысқан. Соның нәтижесінде біздің қазақтың халқынан депутаттар сайланып, бірінші мемлекеттік думаға қатысуға құқығы болды. Ал бірінші мемлекеттік думаға депутат болып келген депутаттардың арасында бірінші болған бұл – Әлихан Бөкейханов.

Қазір ғиамаратта ТМД елдерінің парламентаралық ассамблеясы жұмыс істейді. Қазақстанның арнайы өкілдігі бар. Ал нысанның орталық залында Ресей дуамасындағы алғашқы депуттардың бірі Әлихан Бөкейханның ескерткіші қасқайып тұр. Оны 2016 жылы «Алаш» көсемінің туғанына 150 жыл толуына орай Қазақстан парламенті орнатқан.

Евгения Пуминова, «ТМД елдері парламентаралық ассамблеясы» парламентаризм тарихын зерттеу бөлімінің» кеңесшісі:

– Мемлекеттік думада қазақ халқының атынан Әлихан Бөкейханнан бөлек тағы үш депутат болды. Олар Ахмет Бірімжанов, Алпысбай Кәлменов, және Шаймардан Қосшығұлов. Алғашқы екеуі Қазан университетінің заң факултетін тәмімдаған. Ал Шаймардан Қосшығұлов – Омбы техникалық училишесінің түлегі. Ол орыс тілін жетік білмегені үшін алғашқы думаға тіркелмеді. Десе де халық сайлаған адам болғандықтан екінші шақырылымда депутат мандатын алды.

Мемлекеттік думаның алғашқы шақырылымы 72-ақ күн жұмыс істеді. Оны тарату туралы шешімді империяның сол кездегі патшасы екінші Николай қабылдаған. Ал Әлихан Бөкейхан оның бұл әрекетне қарсы шығып, сайлаушыларға үндеу жасайды. Сол үшін үш ай абақтыға қамалып, депутат болу құқығынан айырылды.

Талғатбек Әбдіқожа, Қуаныш Қожабеков